Жамбыл облысында денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні қарсаңында Талас ауданы Ойық ауылында 400 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.

Спорт кешенінің құрылысы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілді. Ғимаратта спорттың 4 түрімен (бокс, күрес, волейбол, футбол) шұғылданып, бос уақытты тиімді өткізуге болады. Ауыл балалары мен жастарына бағыт-бағдар беру үшін тәжірибелі 4 жаттықтырушы қарастырылған.

— Талас — ақындар мен батырлардың өлкесі. Ел намысын еселеп жүрген спортшыларда осы қасиетті топырақтан түлеп ұшқан. Жаңа спорт кешенінен де болашақ чемпиондар шығатынына сеніміміз зор! – деген аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков балаларға сыйлықтар табыстады.

Айта кетейік, облыста 15 денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бүгінге дейін бес спорт кешені мен 103 спорт алаңшасы ашылды. Жыл соңына дейін тағы 5 спорт нысаны қолданысқа беріледі деп күтілуде.

Бюджеттен тыс 880 млн. теңгеге 4 спорт нысаны бой көтерді, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен 2 модульдік спорт залын ашу жоспарда бар.

Биыл халықты спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету деңгейі 68,3 пайызды (2023 ж. – 64,9%), денешынықтыру және спортпен шұғылданатын халықтың үлесі 41,2 пайызды (2023 ж. — 40,2%) құрады.

Жамбыл облысы әкімдігі
Comments (0)
Add Comment