1 шілде күні Жамбыл облысында жүк вагондарының рельстен шығып кетуіне оның бүйір жақтаушасының сынуы себеп, – деп хабарлайды «ARAINEWS» ақпарат агенттігі 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Осы бөлшектің сыр беруі 2010 жылдан бері 14 рет тіркеліп отыр. Бұл туралы Қазақстан теміржолының мамандары мәлімдеді. Бұған дейін мұндай бүйір жақтаушаларын қолданыстан алып тастау туралы ұсыныс берілген. Алайда жеке операторлар шығынданғысы келмейді. Екі күн бұрын болған жағдай соның зардабы.
Марат Шәкенов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы:
– 31 шілдеде болған Жамбыл облысындағы теміржол апатына «Дисконт-Транс» деген жекеменшік компания кінәлі. Соған қатысты қазір комиссия мүшелері жұмысты аяқтады. Өзінің кінәларын олар мойындады. Келген шығын солардың мойнында. Шығын демекші, оның жалпы көлемі кейін анықталады. Әзірге белгілісі жолдан кешіккен жолаушыларға 4 жарым млн теңге өтемақы төленген. Айта кетейік, апатқа байланысты 19 жолаушылар пойызының кестесі ауысты. Қазір оның 14-і жоспар бойынша қатынай бастаса, қалғаны ертеңнен бастап өз уақыты бойынша жүретін болады.
Арман Сұлтанов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры:
– Кей бағыттарда кешігу 3-тен 18 сағатқа дейін созылды. Қолайсыз жағдайға тап болған жолаушылардан кешірім сұраймын. Сол пойыздарда болған 3 мыңнан астам адамның қазірге дейін 1400-і өтемақысын алды. Оның көлемі кешіккен әр сағат үшін билет құнының үш пайызын құрайды. Төлемді алу үшін Қазақстан темір жолына қарасты кассаларға бару қажет.