Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында мал саны 126 пайызға артқан

Жамбыл облысында 2019 жылы пилоттық негізде бастау алған халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту мақсатындағы «Ауыл аманаты» жобасы өзінің экономикалық және әлеуметтік  тиімділігін көрсетуде.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте жобаның жүзеге асу барысы, нәтижесі, кездесіп отырған мәселелер талқыланды.

Айта кетейік, жобаның бірінші кезеңінде өңірдегі 11  ауылдық округіне қарасты 25 елді мекендегі 7 856 отбасы қамтылса, бұл мақсатта жалпы 9,2 млрд. теңге игерілді.

Жобаның жалғасы ретінде 2021 жылы қайтарылған несиелердің есебінен (3,1 млрд.тг) Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан жалпы 3 ауылдық округ пилоттық жобаға еніп, 253 жоба іске асқан.

Ал, 2022 жылы республикалық бюджеттен 6,047 млрд. теңге бөлініп, оған 10 ауылдық округтегі 1209 кәсіпкерге несие берілген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы кооперативтерін техникамен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 800 млн. теңге бөлініп, ол қаржыға құрылған 10 кооперативтерге 2,5 пайызбен 100-ден аса түрлі ауыл шаруашылығы техникасы алынға.

Жалпы, «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылған 24 ауылдық округте мал басы 126 пайызға, ет өндірісі 139 пайызға, сүт өндірісі 119 пайызға артқан. Соған сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 1254 адамға қысқарған.

Бұдан бөлек, басқосуда кездесіп отырған мәселелер, атап айтқанда, несиені қайтару, қаржыны тиімді әрі мақсатты игеру, құжаттарды уақытылы рәсімдеу, жобаның жаңа шарттарын тұрғындарға түсіндіру шаралары да талқыланды.

Облыс әкімі ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстарын жандандыру, кепілге қойылатын жылжымайтын мүлік құжаттамаларын ретке келтіруді тездету, қолдан ұрықтандыру, жайылымдарға асыл тұқымды бұқаны қосуды қолға алу, кооперативтердің статистикалық есептерін өткізуді және бухгалтерлік есептерін жүргізуді қадағалау, олардың жер көлемін нақтылау, кооператив бойынша даму жоспарын әзірлеуге қатысты жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.

 

Жамбыл облысы әкімдігі

Comments (0)
Add Comment