Халыққа қызмет көрсету орталықтарының құрылғанына 20 жыл: Жамбыл облысында ардагерлер мен саланың үздік қызметкерлерінің үлесі атап өтілді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жамбыл облысы бойынша филиалында халыққа қызмет көрсету орталықтарының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлер мен ардагерлермен кездесу өтті. Іс-шара ХҚКО-ның құрылғанына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Кездесуге Мемлекеттік корпорация мен филиал басшылығы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, ардагерлер және филиал қызметкерлері қатысты.
Қазақстандағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары өз жұмысын 2005 жылы бастады. Жамбыл облысында олардың қалыптасу тарихы дәл осы кезеңнен бастау алады. Тараз қаласындағы алғашқы ХҚКО 2006 жылғы 29 қарашада өз есігін ашты. Алғашқы жылдары барлық қызметтер бір ғимаратта көрсетілсе, уақыт өте келе олардың саны айтарлықтай артып, сервистің деңгейі мен техникалық жабдықталуы мүлде жаңа деңгейге көтерілді.
Мемлекеттік корпорация Басқарма Төрағасының орынбасары Кенжеболат Арыстанғали 20 жыл ішінде ХҚКО-лардың мемлекет пен халық арасындағы өзара іс-қимыл жүйесінде маңызды буынға айналғанын атап өтті. Бұл жетістік – мыңдаған мамандардың еңбегінің нәтижесі. Ол барлық ардагерлер мен ХҚКО қызметкерлеріне өз ісіне берілгендігі және цифрлық әрі сервистік Қазақстанды дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
«Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жиырма жылдығы – халыққа қызмет көрсету жүйесінің дамуындағы маңызды кезең. Біз орталықтарды бірізді түрде жаңғыртып, көрсетілетін қызметтер аясын кеңейтудеміз және олардың сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлеміз», – деп қоса кетті филиал директоры Батырхан Тоқтағұл.
Іс-шара барысында халыққа қызмет көрсету орталықтарының үздік қызметкерлеріне, сондай-ақ азаматтарға қызмет көрсетудің сапасын арттыруға және сервисті жақсартуға елеулі үлес қосқан сала ардагерлеріне мерейтойлық медальдар мен алғыс хаттар табысталды.