Ауылдардағы мәселелер кешенді түрде шешілуі тиіс. Бұл туралы облыс әкімдігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов атап өтті.
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиынның күн тәртібі бойынша екі мәселе қаралды.
Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Жамбыл облысының даму жоспарының жобасы туралы жан-жақты баяндады.
Айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасымен өңірдегі бірқатар өзекті мәселелерді шешу бағытында әзірленген облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспары жобасы негізгі үш бөлімнен тұрады. Олар: Жеке инвестициялық жобалар, Бюджеттік жобалар, Жұмыспен қамту.
Жобаның негізгі мақсаты – әрбір елді мекен бөлінісінде жұмыспен қамтуды көздейтін бюджеттік және бюджеттен тыс инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыра отырып, ауыл халықының табысын арттыру, тұрмыс жағдайын жақсарту.
– Инвестициялық жобалар бөлімі бойынша 153 ауылдық округте және 4 қалада екі ірі – ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында 2025 жылға дейін құны 2,16 трлн. теңгені құрайтын 1193 жобаны іске асыру жоспарланған. Сол арқылы 13,9 мың жұмыс орнын құру көзделуде десек, оның 12,7 мыңы тұрақты, 1,2 мыңы уақытша жұмыстар. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту 10 бағытта жүзеге аспақ. 421 жылыжай кешені салынады. Осы бағыттарды жүзеге асырудың нәтижесінде еңбек өнімділігі 2,7 пайызға, ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 10 пайызға артпақ,-деді баяндамашы.
Бюджеттік жобалар бөлімінде бюджет қаражаты есебінен 2025 жылға дейін құны 624,3 млрд.теңгені құрайтын, 11,3 мыңға жуық жұмыс орнын құруды көздейтін 2130 жоба іске асады деп жоспарланған.
Қажеттілікті шешу үшін 92 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, 123 нысан күрделі жөндеуден өтетін болады. Бұдан бөлек «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасына 20 білім нысанының құрылысы ұсынылған.
Сондай-ақ, 95 денсаулық сақтау нысанының құрылысы және 23 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары атқарылмақ. Бұдан бөлек, «Ауылды жерлердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасына 30 денсаулық сақтау нысанының құрылысы ұсынылды.
Спорт саласында 37 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілсе, 13 спорт алаңшалары пайдалануға беріліп, 9 күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
– Даму жоспары шегінде 2025 жылға дейін 401,1 мың шм көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға беру жоспарда бар. Жалпы 7 082 отбасы баспанамен қамту көзделуде. 14,3 мың жер телімі инженерлік-коммунакациялық инфрақұрылым желілерімен қамтылып, таратылатын болады.
2025 жылға қарай облыстағы 371 елді мекен тұрғыны 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 98,4 пайызы табиғи газды тұтынатын болады.
Даму жоспарының аясында 73,6 млрд. теңгеге облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды орташа жөндеу бойынша 895 жоба іске асырылып, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 99,5 пайызға жетеді,-деді Нұржан Календеров.
Ал, үшінші бағыт – Жұмыспен қамту бөлімі бойынша 2025 жылға дейінгі облысты дамыту жоспарында өңірімізде 83,7 мың жұмыс орны ашылатындығы, оның 27,8 мыңы тұрақты, 56 мыңы уақытша екендігі көрсетілген.
Өз кезегінде Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы, Қордай ауданы Қордай ауылдық округінің әкімі Бақыт Сахатов, Меркі ауданы Сарымолдаев ауылдық округінің әкімі Сәбит Бабижанов жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өзге де аудан әкімдері мен басқарма басшыларынан жауаптар алып, нақты міндеттер жүктеді.
– Мемлекеттік көмек әр ауылға жету керек, әр тұрғын қолдауды сезінуі тиіс. Тек жоспардағы межемен шектеліп қалуға болмайды. Әр ауданның әлеуетін ескере отырып, жоспарды дамыту маңызды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу тапсырмасы міндетті түрде орындалуы керек. Ең алдымен тұрақты жұмыс орындарын ашу маңызды. Әр отбасының тұрақты табысының болуына назар аудару қажет. Бұл тұрғыда ауыл әкімдерінің жұмысына жаңаша көзқарас қажет екенін бұған дейін де айтып келеміз.
Тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасына енген ауылдарда бюджеттік жобаларды да қатар атқарып, елді мекендегі мәселелерді кешенді түрде шешу қажет,-деп атап өтті Нұржан Нұржігітов.
Жиындағы екінші мәселе бойынша сөз алған облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсінбаев «NEET» санатындағы жастардың мәселелерін, оларды шешу бойынша ұсыныстарды ортаға салды.