Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, көлеңкелі экономиканың мөлшерін қысқарту мақсатында жеке тұлғалардың кірістеріне салық салуды толық ауқымды әкімшілендіру мәселесін шешуге арналған маңызды шарт — халықтың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау болып табылады.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ЖД-158/4 мекемесінде өткен жиын барысында Тараз қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Ғазиз Рахимбердиев бұл жөнінде тарқатып айтып берді.
Ғазиз Қапанұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 3 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын, микроқаржы қызметін және салық салуды реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданғанын тілге тиек етті.
— Аталған заңға сәйкес жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылдан бастап кезең-кезеңмен енгізілетін болады. Бірінші кезеңде 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайларынан, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдардан және олардың жұбайларынан декларациялауды бастау ұсынылады. Екінші кезеңде 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және т. б. саласын қоса алғанда) және олардың жұбайлары. Үшінші кезеңде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, дара кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары. Төртінші кезеңде 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап халықтың қалған санаттары, — деді Ғ.Рахменбердиев.
Қазіргі уақытта ҚР заңнамасына жалпыға бірдей декларациялауды кезең-кезеңмен енгізу бойынша түзетулер дайындалуда. Олар белгіленген тәртіппен ҚР Парламентінің қарауына енгізілетін болады.
Қорыта айтқанда, жалпыға бірдей декларациялауға көшудің мақсаты — көлеңкелі экономикамен және сыбайлас жемқорлықпен күрес үшін жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкіне тиімді бақылау жүйесін құру, сондай-ақ салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жинауды қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөлін күшейту болып табылады.
Айда Мұсаева,
ЖД-158/4 мекемесінің кадр саясаты тобының қызметкері