Жалғас Мұртаза Жуалы ауданының әкімі болып сайланды

Жамбыл облысы Жуалы ауданының әкімі болып Жалғас Әлижанұлы Мұртаза сайланды.

Облыс әкімі ауданның активіне қатысып, жаңадан сайланған әкімді таныстырып, бірқатар нақты міндеттер жүктеді.

— Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сегізінші сайланған ҚР Парламентінің алғашқы сессиясында ағымдағы жылы елімізде 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімінің сайлауы өтетіндігін жеткізген болатын.

Президенттің осы саяси реформасын іске асыру барысында облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес, ағымдағы жылғы 5 қарашада пилоттық негізде Жуалы және Т.Рысқұлов аудандары әкімдерінің сайлауы өтті.

Жуалы ауданы бойынша сайлаушылардың 62,9 пайызы өз таңдауларын жасады. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ақпаратына сәйкес сайлау барысында ешқандай заң бұзушылықтар тіркелген жоқ. Өңірде тұрақты қоғамдық-саяси ахуал сақталды.

Бұл сайлау – қоғамды демократияландырудың маңызды институты, халықтың ерік-жігерін білдіру, оның мемлекеттік басқаруға қатысуының негізгі нысаны болмақ.

Пилоттық негізде Жуалы ауданында өткен сайлау барысында Жалғас Әлижанұлы аудан халқының көпшілік даусымен аудан әкімі лауазымына сайланды.

Ендеше, аудандық сайлау комиссиясының шешіміне сәйкес Жуалы ауданының әкімі болып сайланған Жалғас Мұртазаны құттықтаймыз,-дей келе облыс әкімі ауданның әлеуетін тиімді пайдаланып, әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру бойынша нақты міндеттер жүктеді.

Comments (0)
Add Comment