«ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі Комитетінің Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД» республикалық мемлекеттік мекемесі мен бас бостандығынан айыру мекемелерінен босатылған, пробация қызметінің есебіндегі сотталғандар және Жамбыл облысы прокуратурасының қызметкерлері арасында көктемгі велошеру өтті.
Ұжымдық қарым-қатынасты қалыптастыру, тұрғындар арасында жүйелі түрде дене шынықтыру және спортқа деген қызығушылығын арттыруды мақсат тұтқан шараның ашылу рәсіміне Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова пен қала прокуроры Нұржан Боранбаев арнайы қатысты.
Әуелі Гүлдана Әлімжанқызы сөз алып, велошеруге қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бүгінгі іс-шарамыздың басты мақсаты – пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету және салауатты өмір салтын насихаттау. Бүгінде Тараз қаласында дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде жалпы қала тұрғындарының 40 пайыздан астамы шұғылдануда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Гүлдана Жауынбекова өз сөзінде.
Тараз қаласының әкімдігі