Жастар. Қай заманда да қоғамның қозғаушы күші. Сенімді, арманшыл, қажырлы, қайратты, жігерлі, тәуекелшіл, талапты һәм талантты. Жастық амбицияның алдында бас имеген белес, алынбаған асу жоқ шығар. Адамзат ғұмырының қайталанбас жастық шағы – білім мен өнердің, ерлік пен батырлықтың, тенденция мен табыстың, жеңіс пен жетістіктің, достық пен дамудың, махаббат пен жаңашылдықтың қуаты тау қопарар сәті. Оның әр минуты күмістен, әр секунды алтыннан қымбат. Ал, қазіргі жастарымыз осынау уақыт деп аталатын өмір валютасын қаншалықты деңгейде бағалап һәм бағамдап жүр? Әулиеата жастарының әлеуметтік жағдайы қандай? Олардың өміріндегі өзекті мәселе не? Және оған қаншалықты мән беріліп жатыр? Сарқырамадай сапырылған сауалдар салмағын біз, облыстық жастар кеңесі қарсаңында былайша тарқатуға тырыстық…
Ет жүрегі елжіреп, «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деп халықтың өзі айтқандай, қазір тек жастарға ғана кінә артудың нәтижесі нөлге тең болатынын қоғамның өзі түсінгендей. Себебі, марғасқа Мағжан ақын ұрандата жырлаған «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» жастар «кетігін тауып, қаланатын» жер таппай жүргені жасырын емес. Бірі екі қолға бір күрек таппай еңсесі түссе, енді бірі пәтер жалдап, жамбаспұл үшін әркімге бір жалтақтап, күйбең тіршілікке күйініп, күн көруде. Осыдан барып қылмыс, нашақорлық, суицид, тағысын тағы таудай мәселелер туындап жатыр. Хош, сонымен тарқатып айтсақ, нақты уақытта өңіріміздегі 240 мыңнан астам жас облыс халқының 21,5 пайызын құрап отыр. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының мәліметінше, оның 149 мыңы ауылда, 90 мыңы қалада тұрып жатыр. 21 500-і жоғары, 26 890-ы арнаулы оқу орындарында білім қуып жүр. Оған 41 мыңнан астам мектеп қабырғасындағыларды қосыңыз. 3 мыңы әскер қатарында. Не жұмысы, не оқуы да жоқ «NEET жастардың» саны 22 мыңға жеткен. 6 мыңнан астам жас жұмыссыз ретінде ресми тіркелген. Тіркелмегені қаншама?.. Тағы 6 мыңға жуығы тұрғын үй кезегінде тұр. Ол кезекте әлі қанша уақыт тұратыны да беймәлім. Жалпы облыста 186 мың жас экономикалық белсенді болып саналады екен. 75 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Олар қандай жұмыспен өздерін қамтығаны тағы белгісіз. Жыл сайын сыртқа оқуға, жұмысқа кетіп жатқандары да аз емес. Мәселен былтыр облыстан Ресейге 400-ден астам жас оқуға аттанған. Олардың қайта оралып, ел ішінде еңбек ететініне кім кепіл? Міне, осы секілді толағай мәселелер толып жатыр. Жаңғырығы жер жаратын бос ұрандармен, флешмобтармен өтіп жатқан іс-шаралардың барлығы осы жастарға керек пе? Жанайқайы қоғамға естілмей жүрген осындай жастардың жыртығына жамау болуға жарамайтын болмашы шараларға қыруар қаржының бөлініп жатқаны да көңіл қынжылтады. Айта берсек, айырқалпақты ағайындарымыздың әдебиетіндегі Манас жырынан да ұзақ жырлайтын түріміз бар. Сондықтан, біз, жалпы жастар мәселесінің ең маңыздыларына тоқталып, оған тікелей жауапты мамандардың ой-пікіріне құлақ түрелік.
«NEET жастармен» қарқынды жұмыс
– Басқарма тек идеологиялық бағыттағы емес, идеологиялық-әлеуметтік басқарма. Себебі, бірінші кезекте жастардың әлеуметтік мәселелерін жолға қойып, шешуге ден қоюымыз керек. Сол бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Бізде «NEET жастары» деген ұғым бар. Бұл қазіргі жастардың әлеуметтік деңгейін айшықтап тұрғандай. Ол жастар еш жерде оқымайды, жұмыс жасамайды, жұмыссыз ретінде тіркелмеген және қоғамнан тыс, тасада қалып кеткен секілді. Одан бөлек, жұмыссыз, провациядағы әртүрлі емдеу орталықтардан емделіп шыққан жастар бар. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сәйкес, олардың барлығын ортаға тартып, қоғамға бейімдеп, икеміне қарай жұмыспен қамтып, кәсіпкерлік қабілетінің шыңдалуына жағдай жасау бағытына басымдық берудеміз. Шын мәнінде қазір бір мезеттік, ешкімге берері жоқ, біртұрпатты, бірізді іс-шаралардан арылып, жастарға берері бар, ой саларлық дүниелермен алмастырғанымыз абзал. Көшеге шығып, алаулатып, жалаулатып, ұрандатып флешмоб ұйымдастырудың уақыты келмеске кетті. «NEET жастар» былтырғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 15,7 пайыз болған. Ал, биылғы жылдың 1-тоқсанында 9,2 пайызға төмендегені байқалды. Дегенмен, бұл көңіл көншітетін көрсеткіш емес. Бұлардың саны тіркелген саннан әлдеқайда көп болуы ықтимал. Сондықтан біз, шалғайдағы жастармен тығыз жұмыс жасауға басымдық беріп жатырмыз. Қазір барлық аудандардағы ресурстық орталықтарда кемінде он-он бестен штат бірліктері қарастырылған. Әр ауылдық округте бір-бір жастар ісі жөніндегі нұсқаушы мамандар отыр. Соларға былтырдан бері үй-үйге барып, сондай жастардың базасын жасақтап, дерекқорын қалыптастырайық деген мақсатта жұмыс жасадық. Іс-шараларымыздың барлығына ұйымдасқан жастарды емес, тасада қалған жастарды шығарайық, олар да көрсін, ойлансын, елдің әл-ауқатын, қазіргі мүмкіндіктерді, қамқорлықтарды, мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалансын. Осылайша, 2 300-ден астам жастың базасын жасақтадық. Сонымен қатар, «Zhas Project» жобасын пайдалана отырып, әр ауданда аутрич мамандарын сайлап, солардың көмегімен әр маманға 100 жасты аралауды тапсырдық. Жалпы жұмыссыздық деңгейі жастар арасында облыста бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 2,6 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш бойынша басқа облыстармен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейіміз алдыңғы қатарда тұр. Яғни, республика аумағында 14-29 жас аралығында Жамбыл мен Атырау облыстарында жұмыссыздық төмен деңгейде. Облыс басшысының жүктеген тағы бір міндеті – ол белгілі бір нәтижелерге бағдарланған индикаторлық көрсеткіштерге қол жеткізу, соны құжатпен рәсімдеу болатын. Біздің басқарманың тарапынан 10 индикаторлық көрсеткіш белгіленді. Оның алтауы жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуға бағытталған. Олар: жастарды бос ваканттық жұмыс орындарына орналастыру, жастар тәжірибесіне тарту, әлеуметтік жұмыс орындарына жұмылдыру, кәсіби оқудан өткізу және кәсіпкерлік негіздерінде дайындау , шағын несие алуға қол жеткізу. Бұл алты көрсеткіштің маңызы өте жоғары болғандықтан, мұны облыс әкімі мен аудан және Тараз қаласы әкімдері арасындағы меже келісімге енгіздік. Сондықтан, бұл жұмыстар қазір артығымен орындалып отыр. Жалпы, жылдың соңына дейін 12 мың жасты осы индикатордың аясында жұмыспен қамту көзделген. Есепті кезеңде 6 айдың қорытындысымен 5 405 жасты жұмыспен қамту жоспарда болса, нақты 5 732 жас қамтылып, меже 106 пайызға орындалды. Бірақ, жоспардағы межеге қол жеткізе алмаған бірқатар аудандар бар. Әсіресе, ваканттық бос жұмыс орындарына тарту бойынша Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Талас, Т.Рысқұлов аудандары, жастар тәжірибесіне жұмылдыру бойынша Меркі, Мойынқұм, Сарысу аудандары және Тараз қаласы 6 айлық жоспарды орындай алмауда. Әлеуметтік жұмыс орындарына тарту бойынша Жамбыл ауданы көш соңында қалып қойған. Бұл тұста аудандар тарапынан межені қайта қарау туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Олар «бос жұмыс орындары болмаған жағдайда межені қалай орындаймыз?» дейді. Дегенмен де, әрбір жұмыспен қамту орталықтарының өздерінің кешенді жоспарлары бар. Соның аясында іске асып жатқан шаруа. Ешкімді қыстауға, талап етуге қақымыз жоқ.
Облыс басшысының тағы бір тапсырмасы бойынша еңбек күші көп оңтүстік өңірлерден еңбек күші аз солтүстік өңірлерге көшіру, жұмысқа орналастыру ісі де өз деңгейінде өткізілуде. Бұл әрине, бір дегеннен іске асып кететін шаруа емес. Дейтұрғанмен, бірнеше облыстармен байланысып, олардағы бос жұмыс орындарының ваканциясын алдырдық. Қазір Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарымен меморандумға қол қойылуда. Содан кейін Солтүстік өңірлерден келген жұмыс берушілердің қатысуымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткіздік. Отыз жас өтінім білдірді. Оның тағы бір тетігі «Серпін» бағдарламасы. 2014 жылы қолға алынған жобаның биыл алғашқы түлектері оқуын аяқтады. Биыл осы бағдарлама аясында жамбылдық 76 түлек диплом алды. Ал, жалпы Жамбыл облысынан 820 студент оқып жатыр. Арнайы хатпен шығып, солардың барлығының тізімдерін, телефондарын алдырдық. Олармен «WhatsApp» желісі арқылы арнайы чат аштық. Осы уақытқа дейін күнделікті жай-күйлерін біліп отырмыз. «Жұмыс тауып беріп жатыр ма, қандай жоспарларың бар?» деп сұрап тұрамыз. Жұмыс берушілермен арадағы келісім шарттарын суретке түсіріп, жіберіп жатыр. Арасында елге қайтып жатқандары да бар. Биыл «Серпін» бағдарламасы аясында тек жоғары оқу орындарының өзіне 5 089 грант қарастырылып отыр. Былтыр 3 793 грант болған. Ал, орта арнаулы оқу орындарына ағымдағы жылы 740 грант бөлінбек. Мұның барлығы қазіргі қоғамға қажетті техникалық мамандықтарға қарастырылған. Биыл 15-тен астам сала мамандарының, Солтүстік өңірлердегі оқу орындары өкілдерінің қатысуымен 20 елді мекенге ақпараттық керуен ұйымдастырдық. Әр ауылды аралап, «NEET жастармен» жүздестік. Сондай-ақ, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен 2020-жылға дейін арнайы іс-қимыл жоспары бекітілген. Биыл жергілікті ЖОО-ның базасында 4 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткіздік. 2 826 түлек қатысты. 320 түлек жұмысқа жолдама алды. Жалпы жыл басынан бері ұйымдастырылған жәрмеңкелердің нәтижесінде 582 жасқа тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік берілді, – дейді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен.
Үй кезегі үрейді алады
Басқарма басшысы өз сөзінде мамандық таңдаудан мүлт кетпес үшін қолға алынған алдын алу шаралары мен биыл мыңнан астам жастың маусымдық еңбекке тартылғандығын да тілге тиек етті.
– Осы тұста тағы бір айта кететін жайт, қазір көп жастар мамандық таңдауда қателікке жол беруде. Сондықтан, біз оларды ерте бастан кәсіптік дағдыға қалыптастыру мақсатында өзінің неге бейімі бар екенін анықтап, соған жол көрсету негізінде былтыр «Түлектер тақтасы» жобасын қолға алдық. Ол биыл 15 колледж бен 298 мектепке орналастырылды. Арнайы үлгісін барлығына таратып бердік. Онда не бар? Облыста қандай мамандықтар тапшы және жергілікті ЖОО-да қандай мамандықтар даярланады, облыста қай мамандықтарға бөлінген гранттар саны басым деген сынды мәліметтер жазылған. Мұны әр жас білуі тиіс. Заңгерлік, экономикалық мамандықтарға грант бөлуді қазір кезең-кезеңімен тоқтатып жатырмыз. Осылайша, заманауи цифрландырылған жүйеге бет алған мемлекетіміз үшін аса қажетті мамандықтарға басымдық беріп, ой салу бағытындағы жоспарды іске асырудамыз. Сонымен қатар, біз биыл жас түлектерді жұмыспен қамту мәселесіне өзіндік септігі тиер деген оймен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментіне хатпен шығып, қайта даярлау орталығымен біріге үшжақты меморандумға отырдық .
Бұдан бөлек, ЖОО-дан 25 түлекті 1 апта оқыттық. Олар тәжірибе жинақтап, тағылымдамадан өтті. Әрқайсысына тәлімгер бекіттік. Мемлекеттік қызметке қызығушылығы оянды. Сертификат тапсырдық. Олардың арасында өздерін көрсетіп, жұмысқа қабылданып кеткендері де бар. Жастар үшін маусымдық еңбекпен қамту да маңызды мәселе. Биыл тұңғыш рет 1 300 жасты «Жасыл ел» сапында еңбек етуге тартуға қол жеткізіп отырмыз. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Былтыр облыс бойынша 700 жас қамтылған. Биыл еңбекақыларын 40 мың теңгеге дейін көтердік. Бұрын 28 мың алатын. Арнайы киіммен және құрал-жабдықтармен қамтыдық. Олар тек көше тазалап қана қоймай, тұрғындармен үгіт-насихат жұмыстарын да жүргізеді. Халықтың мәдениетін оятуға да үлес қосуда, – дейді Мәди Мейірбекұлы.
Және ең басты баспана мәселесі де басқарманың назарында тұрған көрінеді. Ол үшін жастарға жеңілдететін жолдар қарастырылып, арнайы тұжырымдама да әзірленіпті.
– Баспана мәселесі – күрмеуі қиын түйткіл. «Қазақстан 2020: болашаққа жол» атты бағдарламаның 2-кезеңінде тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қаузалған. Біз осы бойынша 2-3 ай талдау жасадық. Жалпы, облыста 5 960 жас тұрғын үй кезегінде тұр екен. Соның 3 758-і жас отбасылар. Және жалғызбасты жас аналар бір Тараз қаласының өзінде 1 136 адамды құрап отыр. Мұны қаладан өзіміз барып санап шықтық. Нәтижесінде, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» бірлесіп арнайы тұжырымдама жасадық. Оған «Нұрлы болашақ» атты жас отбасыларға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламасы деп айдар тақтық. Мүмкіндігінше жеңілдетілген, алғашқы төлем жарнасынсыз тиімділік тетіктерін қарастырдық. Бірақ оған бюджеттен қаржы керек. Бұл мәселе бір реттен шешіле салатын дүние емес. Тағы қосымша талдау, зерделеу жұмыстары жүргізілуі қажет. Бірақ басты назарымызда тұр. Баспана мен жұмыс – мәселенің ең бастысы. Қалған нашақорлық, қылмыс деген мәселелердің барлығы осыдан тарайды. Әлеуметтік мәселе шешілмей басқасы жолға қойылмайтыны анық. Қарны аш жас маргинализацияға ұшырайды. Сондықтан, жұмысты жетілдіретін тұстарымыз өте көп. Ол үшін бір басқарма ғана емес, қоғам, ата-ана болып жұмыс жасауы керек, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, ол «Zhas Project» жобасы аясында 6 облыстың ішінде Жамбыл өңірі 555 жобамен, 1 832 жас қатысушымен екінші орында тұрғанын да айтып өтті. Бұдан бөлек, ғылыммен айналысатын шығармашыл жастардың жайы да жуырда шешімін табады деп сендіріп отыр. Айтуынша, биыл М.Х.Дулати атындағы ТарМУ базасынан ашылған «Инновация және кәсіпкерлік» орталығының ауқымы кеңейіп, өңірдегі қабілеті бар жастарға есігін айқара ашпақ. Тек қана ғылым емес, жалпы шығармашылықпен айналысатын жастарға соңғы 4 жылда заң бойынша берілмей қалған облыс әкімінің стипендиясын тағайындау мәселесінің де шешім жолдары қарастырылып жатыр екен.
Ауылдағылардың ахуалы қандай?
Әрине облыс орталығы болғандықтан, Тараз жастары үшін саялайтын жер өте көп. Мұражай, кинотеатр, сауықтыру орындары дегендей… Соңғы уақытта саябақтардың өзі облыс басшысы Асқар Исабекұлының тікелей тапсырмасымен адам танымастай құлпырып келеді. Ал, осылардың бірі де жоқ, тіпті ұялы телефон желісі тартпайтын, байланыс аясынан тыс жатқан шалғай ауылдардағы жастар ше? Олар да ХХІ ғасырдың өкілдері емес пе? Бұл жөнінде басқарма басшысы бүй дейді.
– Бізді алаңдататын да осы ауыл жастарының мәселесі. Былтыр облыс әкімімен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған жоспар дайындадық. Оған 131 пункт енді. Аудан әкімдерін бұл мәселеден хабардар еттік. Әр ауылда кешкі қойдың кезегінен кейін темекі шегіп, бас қосып отыратын, жастардың өз тіліндегі «питак» деген орындары бар. Ол тастың үсті, ауылдың шетіндегі бір бұзылған нысан немесе бөрене болуы мүмкін. Біз сол ұғымнан жастарды түбегейлі арылтуымыз қажет. Оданда жастар қара кешке дейін аузында құлып салынып тұратын мәдениет үйіне барсын. Мәдениет үйі тек қана ресми іс-шара өтетін, есеп беру жиындары ұйымдастырылатын орын болмауы керек. Жастар ісі жөнідегі нұсқаушылар да сол жерде отырсын. Сонымен қатар, әр ауылда «Street Workout» қалыптастыру қажет. Ол қымбат дүние емес. Темір орнатып, жан-жағын ақ таспен қоршап, оны әктеу ғана керек. Қазір ауыл әкімдерінің өкілеттігі артты. Жергілікті қауымдастық бар. Солардың барлығына осындай істерге де назар аударуды ұсынып отырмыз, – дейді басқарма басшысы.
Сөз барысында Мәди Мейірбекұлы аудандардағы ресурстық орталық мамандырының жастарға кеңес беруге лайықты білім деңгейлері әлі де жетілдіруді талап етіп отырғандығын да тілге тиек етті.
Аты бар, заты жоқ ұйымдар не бітіріп жүр?
Қазір жастар арасында арнайы лотты жеңіп алып, іс-шара ұйымдастырғыштардың қарасы көбейді. «Шайнай берсең, қазының да дәмі кетеді» деген қазақтың сөзі ондайлардың бүгінде шымбайына да батпайтын сықылды. Бұл жайында «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Уалихан Болатбек ой білдірді.
– Облысымызға жаңа басшы келгелі бері барлық салада жақсы өзгерістер орын алып жатқанын көріп отырмыз. Кезек жастарға да келіп қалған секілді. Осыған дейін атқарылған жұмыстар да, атқарылуы тиіс жұмыстар да аз болмады. Жаңа жобалар да көп. Жастардың қазір көзқарасы, талғамы мүлдем басқаша. Барлығы өзгерген. Құндылық, қызығушылықтары да басқаша. Қоғамдағы өзгерістер де күн сайын сан құбылуда. Біз бірнеше жыл бойы жамбылдық жастардың басты қажеттіліктері жөнінде анализ жасап келе жатырмыз. Жасыратыны жоқ, жастар арасында мәселе көп. Мәселен, бізде бірталай жастар ұйымдары бар. Аты бар, заты жоқ немесе керісінше заты бар, аты жоқ, бір-біріне сай емес. Бұрын біз нақты білетінбіз, «Жас Отан» ол – жастарды патриотизмге, белсенділікке шақыру, саяси аренаға шығару деген сияқты бағыты бар ұйым екенін. Қазір қарасы қалың бірде-бір ұйымды нақты айта алмаймыз, мына ұйым мынадай шаруамен айналысады деп. Реті келсе, олар барлық іспен айналысуға даяр. Ондай жерде сапа болмайтыны анық. Бұрындары «Жас Отан» бүкіл позициямен жұмыс жасайтын. Бірақ, қазір өз позициямызды сан салаға саралап бөлдік. Осы секілді ең алдымен облыстағы жастармен жұмыс жасайтын ұйымдардың жұмысы реттелуі керек. Оны реттеу облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасына қатысты. Екіншіден, облыстағы жастар ресурстық орталықтары да өздерінің нақты бағыттарын білуі қажет деп ойлаймын. Өйткені, олар барлық ұсақ-түйек шаруалармен айналысып кетті. Олар өздерінің атына сай ресурстық, ақпараттық кеңестер беруі керек. Ең бірінші шар үрлеп, шара өткізу емес, мемлекеттік саясатты, жұмыспен қамту, білім алу бойынша барлық ақпараттармен қамтамасыз ету қажет. Іс-шаралар ұйымдастыру мәселесі одан кейінгі орында тұруы тиіс. Онда жұмыс жасайтын мамандар да жастар арасында белсенді, танымал, жастар одан үлгі алатын, соңына, сөзіне замандастарын ерте алатын азаматтар болғаны жөн. Осы бағытқа мән беруіміз керек. Себебі, жастардың мәселесін білмей келген адамнан ешқандай игі іс, оң нәтиже күте алмайсың. Ол іске кірісемін дегенше де біраз уақыт босқа жоғалады. Сондай-ақ, жастар арасында бірінші орында жұмыссыздық мәселесі тұр. Күніне біздің қоғамдық қабылдауға жұмыс сұрап кемінде 5-6 жас келеді. Таяуда студенттер қолдарына диплом алды. Жұмыссыздардың қатары тағы көбейді. Шыны керек, нақты осы науқанда жастар ұйымдарының жұмысы көріну керек еді. Осы шаруа бізде қатты ақсап тұр. Біз, «жасотандықтар» қолымыздан келгенше кеңес береміз, бірақ дәл осы жұмысты ресурстық орталықтар атқарса дұрыс әрі тиімді болар еді. Қазір жұмысты күшейту керек. Істегі басымдықты саны көп, сапасы жоқ іс-шараларды өткізуге емес, студенттер диплом алған кездегі жұмыстарға беру керек еді. Әрбір оқу орындарына барып, түлектерге кеңес айтып, бағыт-бағдар берсе, жас маманға да керегі осы емес пе? Әлеуметтік желілер арқылы да мұндай жұмыстар әлі күнге әлсіздеу болып тұр. Біз осылайша бірлесіп, жастарға қарай алғашқы қадамды өзіміз жасасақ, олар да бізге көмектесуге әрдайым дайын болады, – дейді «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы.
Кітап оқылмайды деп кім айтты?
Ғылыми технологиялық өнімдер жарық жылдамдығымен жарысып дамып жатса да, жастар арасында кітап оқу үрдісі түп-тұқиянымен жойылып кетті деп айта алмаймыз. Бұған Уалихан Болатбекұлының өз айтары, ұтымды ұсынысы бар.
– Тағы бір үлкен мәселе – жастардың кітап оқымауы. Біз бұның себебін анықтауға тырыстық. Неге соншалықты оқуға қызықпайды деп зерделеп көрдік. Шын мәнісінде жастар кітап оқуға әлі де қызығады екен. Оқығысы келеді. Бірақ, белгілі бір дәрежеде итермелеуші күш жоқ екен оларға. Біз кітапханалардағы адамдардың келу жиілігін де сараладық. Нәтижесінде барлық кітапханаларды өзгертейік, жаңа форматта болсын деген ұсыныс жасадық. Өз басым қазір кітапханаларда «COWORKING» ашумен айналысып жатырмын. Оны тек ашып қана қоймай, бағдарламасын да әзірлеудеміз. Жуырда кітапхана басшыларының басын қосып, жаңа бағыттағы кітапхананы қолымызда бар дүниелермен-ақ жабдықтайық деп айттым. Шыны керек «COWORKING» түсінігінің өзін түсіндіру қиынға соғуда. Дегенмен, бұрынғыдай батпан болып қатып қалған қағидаттар мен стеоротиптердің сеңін бұзуымыз қажет қой. Мәселен Абай атындағы кітапхана терезелерінен барлық пердені алдырып тастадым. Күн түспейді. Қараңғы жерде адам қалай кітап оқиды? Оданда терезенің алдында, жарықта кітап оқуға жағдай жасайық дедім. Барлығына «Wi-Fi» желісін орнатамыз. Қазір жас ақындар, суретшілер, кәсіпкерлер мен спортшылар, пікірсайысшылар жиналайын десе, оларға орын жоқ. Біреумен кездесейін десең, тек қана тамақ ішу үшін дастарханға шақырасың. Кітапхананы жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған зонаға айналдыруымыз қажет. Абай кітапханасын қолымыздан келгенше заманауи бағытта түрлендіріп қойдық. Соның өзінде жас оқырмандар әлеуметтік желі арқылы өздерінің шағымдарын айтып жатыр. Жастардың да пікірімен санасып, қолдан келгенше қолайлы жағдай жасауға ұйытқы болудамыз.
Келесі аптада аудандарға «COWORKING» орталығын ашу мәселесі бойынша ат басын бұрайын деп отырмыз. Бұл жайында алдын ала ұсыныс жасасақ, олар бір кабинетті алып, соған төрт компьютерді қойып қойыпты. Мен оларға компьютерді не қыласыздар деп, жобаның маңызын әрең түсіндірдім. Сол үшін олар 10-20 миллион теңге көлемінде ақша сұраған ғой. Не қажеті бар ол жерге компьютердің? Компьютер қазір екінің-бірінде бар. Тек «Wi-Fi» желісін іске қосып қойсаң, болды. Өздері-ақ ағылады. Осы бағытта жастардың жиналар жері болсын, кітап оқуға қызығушылығы артсын деген ниетте іс бастап жатырмыз. Облыстағы ең үлкен «COWORKING» орталығы Ш.Уалиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ашылатын болады. Арнайы кітап презентацияларын өткізетін өз алдына бөлек бөлмені де жарақтандырудамыз. Жастарға осындай аудитория ауадай қажет. Оған дөңгелек үстел мен компьютердің қажеті шамалы, – дейді ол.
Қаражат та, идея да бар, тек жоспар дұрыс құрылса…
– Ағылшын тілін оқыту бойынша тағы бір жобаны қолға алудамыз. Бұл бойынша шет елдерден еріктілерді шақыртып жатырмыз. Олардың қаншауы біздің облысқа келетіні әлі белгісіз. Бізге 6 ауылдық округтен орталық ашу туралы меже қойылған. Мен 6 орталықтың аз болатындығын айттым. Кемінде 10 ерікті келсе деген ұсыныс жасадым. Олар 3 ай бойы, қыркүйек, қазан, қарашада ауыл жастарына тегін волонтерлік үлгіде ағылшын тілін оқытатын болады. Ауыл әкімдері еріктілердің тұратын жерін, тамағын қамтамасыз етпек. Жалпы, Қазақстанға 500 ерікті тарту жоспарланған. Қазір бұл жұмыстар басталып кетті. Сондай-ақ, бізде ағылшын тілін білетін студенттер өте көп. Үйіне барып ала жаздай құр босқа демалып жатқандары қаншама. Бір ауылға барып, сол ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, көріп, біліп, жұмыс жасауға болады ғой. Демалыс кезінде ауылдың жастары бос жатады, нәтижесінде қылмыс, төбелес, ұрлық орын алады. Ал, егер бір жерде домбыра клубы жұмыс жасап, екінші жерде футбол ойнап жатса, қасында «Street Workout» алаңшасы іске қосылса, біреу ағылшын тілін үйретемін деп тұрса, оған қалай бармайсың? Мемлекеттен бөлініп жатқан қаражат аз емес, тек жоспарды жүйелеп құру керек. Мәселен жазғы лагерьдің мақсаты – ол жерден танысу достыққа ұласып, бірге жұмыс жасайтын мықты орта қалыптасып шығу керек. Ал, бізде жылда лагерьге әр ауылдан бір-бірін танитын жастарды қайталап шақыра береді. Біз оданда әртүрлі ортадан шақырайық, мәселен ақындардан, спортшылардан, жастар ұйымдарынан, мемлекеттік қызметшілерден, әртүрлі саладан біріктіріп лагерь ұйымдастырып жіберсең, олар бір-бірімен өмір бақи араласып өтеді. Себебі, ортақ мүдде қалыптасады. Жаңа идеялар туады. Қазір соны қалыптастыра алмай жатырмыз. Жастар саясатының да негізгі идеясы сол. Қазір осындай күйіп тұрған мәселелермен айналысуымыз қажет.
Тағы бір алаңдайтын жағдай, Қордай ауданында дүнген ұлты басым болғандықтан, олардың дені ҰБТ-ға қатыспайды. Мысалы мың адам мектеп бітірсе, солардың 600-і бармайды тестілеу сынағына. Олар балаларын мектеп бітіргеннен кейін оқуға жібермейді. Демек, ол бала – маргинал. Былтыр 2 мыңнан аса адам ҰБТ-ға барған жоқ, 1 300 адам сынақтан құлады. Яғни, 3 жарым мыңға жуық баланың болашағы не болғаны белгісіз. Біз осындай анализ жұмыстарымен 2 жыл айналыстық. Ал, негізі жұмыс облыстық білім басқармасы мен жастар саясаты мәселелері басқармасына қарасты еді. Мектеп бітіруші түлектермен және жоғары оқу орнын бітіруші студенттермен жүйелі жұмыс жасалса, 4-5 жылда потенциялы мықты жастарды даярлаймыз. Барлығы қолдан келетін дүниелер, – деп түйіндеді өз сөзін Уалихан Болатбекұлы.
Расында, Еуропа елдерінде кітапхана жастардың екінші үйі секілді болып кеткен. Тіпті, тәулік бойы жұмыс жасайтын кітапханалар да бар. Ал бізде «COWORKING» орталығын ашу туралы ұсыныс түскенде, кабинетімізді алып қояды екен деп ат-тонын ала қашқан, талай жыл қойма болған немесе терезесі жоқ ғимараттың ең жоғарғы қабатындағы бөлмені сайлаған аудандар да табылыпты. Ал, жасотандықтар аталмыш орталыққа келген жастардың кофе ішуіне дейін жағдай жасауға ниетті.
Кәсіп бастаймын дегенге кеңес тегін
Жастар арасындағы көптеген кәсіптік жобалар қолдау болмағандықтан қоғамның назарынан тыс қалып жатқаны да ащы шындықтың бірі. Әрине, қолдауға ие болмағаннан кейін қолын бір сілтеп, ауылына қайтып жатқан жастардың да қарасы аз емес.
– Соңғы жылдары жастар саясаты мәселелері басқармасы мен ресурстық орталықтар тарапынан жастарға кеңес беру бағытына басымдық беріп отырмыз. Биылдың өзінде түрлі басқармалар арқылы аудандарды аралап, 1 000-нан аса жасқа кеңес бердік. Қала жастары өздеріне не керек екенін біледі. Ал, ауыл жастары назардан тыс қалуда. Үй алу, кіші кәсіп ашу, өз бизнесін бастау үшін не істеу қажет екенін біле бермейді. Сондықтан, шалғайдағы жастарға өзіміз баруға бел байладық. Жақын арада «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорымен» келісімге отырып, әр ауданнан кем дегенде 5 жас, яғни «Даму» қоры арқылы сертификаты бар, бизнес жобасы дайын, бірақ, бизнесін бастауға қаржы ала алмай кезекте тұрған жастардың тізімін жинақтадық. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мамандары құжаттарды толықтыру жөнінде кеңестерін берді. Іс қағаздары толық сәйкес келетін жастарға қаржы бөлінуде. Үлкен бастаманың бірі – осы. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен келісім орнатып, жуырда кәсіпкерлер үйі ашылды. Біздің бір маман сол жерге бекітілді. Ол келген жастарға кеңес беріп отыратын болады. Себебі, сыртынан қарап-қарап ауылына қайтып кететін жастарды жіберіп алмауымыз қажет. Сонымен қатар, биылғы жылдың соңына дейін кемінде 700 жасты кәсіпкерлікті оқыту курстарына жұмылдыру жоспарланып отыр. Жартыжылдықта сол жоспардың 60 пайызын орындап қойдық десек те болады. Келер жылға жоспар көп, – дейді облыстық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Айбек Таутен.
Міне, Мәңгілік Ел болуды мақсат еткен мемлекетіміздің болашағы, жалынды жастарымыздың бүгінгі жағдайы осындай халде. Бұл бағытта атқарылып жатқан шаралар мен шаруалар шаш етектен, бірақ, нәтиже ауыз толтырып айтарлықтай емес. Жастардың әрбір мәселесінің шешімі ертеңнің еншісінде ғана. Өз елім деп өзеуреп тұрған өскелең ұрпақтың өзекті өртеген мәселесі мұнымен шектелмейтіні тағы бар. « Кез келген мемлекеттің қуаты халқында» деп Елбасы айтқандай, «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген еліміздің ең басты энергиясы, қуаты мен қозғаушы күші әлсіремесін десек, осы бастан жастардың жанайқайына құлақ түрген абзал болар деген сенімдеміз. Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?!
Нұржан Қадірәлі