Құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір сүру салты мен мейірімділікті және парасаттылықты насихаттау, қоғамның көмекке мұқтаж мүшелеріне қолдау көрсету мақсатында өткен аптада Тараз қаласында «Адал жүрек» жалпы республикалық қайырымдылық науқаны аясында «Жамбыл-адалдық алаңы» жобасының бастамасымен қайырымдылық марафоны өтті.
Бұл күні шараға қатысушы құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызметшілер
Тараз қаласының Достық алаңынан бастап Төле би көшесінің бойымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағына дейін 2400 метрге жүгірді. Әрбір қатысушы марафонның басталуы алдында ерікті түрде қайырымдылық жарнасын төледі.
Сонымен қатар, марафонға қатыспайтын құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызметшілер осы күні сағат 12.00-де Тараз қаласы, әл-Фараби көшесінде орналасқан облыстық Қан орталығында қан тапсырды.
Ізгі мақсатты көздеген аталмыш іс-шараның мұқтаж азаматтар үшін маңызы зор. Бұл игі істен Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің және департаментке қарасты мекемелердің қызметкерлері де тыс қалған жоқ. Шараға қатысқан 50-ге жуық ҚАЖ қызметкерлерінің тең жартысы жеңіл атлетикалық жүгіру жарысына қатысса, өзгелері мұқтаж жандарға қол ұшын беру мақсатында облыстық Қан орталығында қан тапсырды.
Айта кетейік, марафонға қатысып «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанғандар ұйымдастырушылар тарапынан марапатталды. Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ЖД-158/5 мекемесі бақылаушылық қызмет бөлімінің аға бақылаушысы əділет кіші сержанты Бақытхан Жанқоев 35 жасқа дейінгі ерлер арасында жүгіруден І орынды иеленді. Бүгін әріптесімізді Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы әділет полковнигі Миржан Смағұлов ұжымдастар алдында жеңісімен құттықтады.
Венера Каракозева,
ЖД-158/5 мекемесінің САӘПТЖБ жасақ бастығы,
әділет аға лейтенанты