Ведомствоның мәліметінше, міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік жойылмайды және бұрынғыдай толық көлемде сақталады. Өзгеріс тек заңнамада қарастырылған өтемақы төлеу механизмінің бір бөлігіне қатысты болады.
Министрлік мұндай өзгерістердің жинақтаушы зейнетақы жүйесінің дамуына және азаматтардың өз зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндіктерінің кеңеюіне байланысты енгізіліп отырғанын атап өтті.
Бастапқы кезеңде зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды тек мемлекет жүзеге асырып, барлық инвестициялық шешімдер мен олардың нәтижесіне жауапты болған. Сол себепті инвестициялық табыс инфляция деңгейінен төмен болған жағдайда айырмашылықты өтеу тетігі қарастырылған еді.
Қазіргі таңда заңнамаға сәйкес азаматтар өздерінің зейнетақы жинақтарының 100 пайызына дейін (бұрын 50 пайызға дейін болатын) инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға (УИП) бере алады.
Министрліктің түсіндіруінше, бұл мүмкіндік салымшылардың өз қаражатын басқаруға белсенді қатысуына жол ашады. Яғни азаматтар басқарушы компанияны, инвестициялық стратегияны және өздеріне қолайлы тәуекел деңгейін өздері таңдайды.
Сонымен қатар ведомство зейнетақы жинақтарының қорғалуы қолданыстағы заңнама арқылы қамтамасыз етілетінін ерекше атап өтті.
Ұлттық банк зейнетақы активтерін басқаруды жалғастырады. Ұлттық банктің 2024-2028 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына сәйкес, негізгі мақсаттардың бірі – ұзақ мерзімді кезеңде зейнетақы активтерінің кірістілігін инфляция деңгейінен жоғары деңгейде қамтамасыз ету.
Сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға қаржылық тұрақтылық, меншікті капиталдың жеткіліктілігі және кәсіби тәжірибеге қатысты талаптар қойылған. Егер заңнамада белгіленген ең төменгі кірістілік деңгейіне қол жеткізілмесе, басқарушы компания айырмашылықты өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, енгізілетін өзгерістер жинақтаушы зейнетақы жүйесін жетілдіруге, азаматтардың таңдау мүмкіндігін кеңейтуге және нарықтың кәсіби қатысушыларының жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Ал мемлекет тарапынан берілетін кепілдіктер толық көлемде сақталады.
Фото: Pixabay
https://madeniportal.kz/news/zeinetaqy-zinaqtaryna-qatysty-kutpegen-ozgeris