“Зеленский соғысты бастамауы керек еді“: Трамп Сауд Арабиясындағы келіссөз туралы

Президент Дональд Трамп Эр-Риядтағы АҚШ пен Ресей арасындағы келіссөздерге қатысты пікір білдірді. Ол Украина басшыларын Ресеймен арадағы үш жылдық соғыс үшін айыптап, Украина президенті Владимир Зеленский «соғысты ешқашан бастамауы керек еді» деп мәлімдеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі The Hill басылымына сілтеме жасап.

Басылым Ресей Украинаға 2022 жылғы ақпанда басып кіре бастағанын еске салды. «Шапқыншылық Ресей 2014 жылы Украинадан Қырымды тартып алғаннан кейін он жылға жуық уақыт өткен соң жасалды», — деп жазды газет.

Президенттік науқан кезінде Трамп соғысты тоқтатуға уәде беріп, одан кейін де өзі президент болса, бұл соғыс ешқашан басталмас еді деген мәлімдемесін қайталады.

Ол АҚШ пен Ресейдің ресми өкілдерінің Сауд Арабиясындағы кездесуінен кейін мәлімдеме жасады.

«Менің ойымша, бұл соғысты тоқтатуға мүмкіндігім бар. Бәрі жақсы келе жатыр деген ойдамын. Бірақ бүгін «біз шақырылмадық» дегенді естідім. Сіздер ол жерде үш жыл болдыңыздар. Мұны үш жыл ішінде аяқтауларыңыз керек еді. Мұны бастамауыңыз керек еді. Мәміле жасауға болар еді. Украина үшін мәміле жасай алар едім, сонда оларға ешбір жерді бермес еді және ешкім мерт болмас еді, бірде-бір қала қирамас еді. Бірақ олар мұны бұлай жасауды жөн көрмеді», — деді Трамп АҚШ пен Ресей шенеуніктері арасындағы кездесуден кейін Мар-а-Лагода журналистерге.

Трамптың айтуынша, Украина бұл мәселені бірнеше жыл бұрын шеше алар еді.

АҚШ президенті бұл жағдайға Киевті кінәлап, АҚШ көмек ретінде бөлген ақша қайда жұмсалғаны туралы есепті талап етті.

«Украина ақша төлеуге немесе ақша қайда кеткенін анықтауға мәжбүр болады», – деді Дональд Трамп.

Трамп АҚШ пен Ресей Федерациясының Эр-Риядтағы келіссөздерінен кейін Украинадағы қақтығысты реттеу туралы келісімге қол жеткізуге әлдеқайда сенімді бола бастағанын айтты. Бірақ ол Киевтің Ресей мен АҚШ-тың Украинадағы жағдайды реттеу туралы келіссөздеріне көңілі толмайтыны туралы хабарларға қапалы екенін жеткізді.

«Олардың келіссөз үстеліне отыруға үш жыл уақыты болды», — деді ол.

Америка президенті Украина келіссөз үстелінен орын алғысы келсе, сайлау өткізуі керек деген пікірде. Оның айтуынша, Зеленскийді халықтың 4 пайызы ғана қолдайды.

Еске салайық, бұған дейін БАҚ-та үш тарап Сауда Арабиясында кездесетіні туралы ақпарат тарады. Ал кеше Эр-Риядта Ресей мен АҚШ делегацияларының келіссөздері басталды.

Жуырда Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз үстеліне отыруға дайын екенін айтты. Оның сөзінше, украиналықтар үшін бейбітшілік орнатудың жалғыз жолы осы болса, бұл қадамға баруға әзір.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Украина төңірегіндегі жағдай туралы пікір білдіріп, еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы ең басты құндылық екеніне назар аударды.

https://massaget.kz/news/zelenskiy-sogyistyi-bastamauyi-kerek-ed-tramp-saud-125425/?fbclid=IwY2xjawIinCFleHRuA2FlbQIxMAABHexUPcRk7u6STuMTdDp7J2ofeUeH5rBMKW8JpBoXOiY2NCQjrm-riiLGQg_aem_luxSsOIVF4jXm2TGMCiuyw

Ж. Қадыржанова

Фото: depositphotos.com

Comments (0)
Add Comment