Заңсыз құрылыстың зардабы иесіне тиеді

Облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Қанат Айтқұловтың айтуынша, Тараз қаласында бүгінде сәулет және құрылыс заңнамаларын бұзып, нысан соғып алған 19 кәсіпкерлік субъектісі анықталыпты. Солардың бірі «Закирова» жеке кәсіпкерлігі.
Тараз қаласындағы Самарқанд көшесінен кезінде құрылыс дүкенін ашқан бұл кәсіпкер бизнесін кеңейтіп, молынан табыс табу ниетімен дүкенге жапсарластыра көлік жуу орталығын ашып алған. Алайда, сәулет мамандары ол орталықтың мүлдем заңсыз тұрғызылғанын анықтап, Тараз қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінген. Жуырда сот органы бұл істі қанағаттандырып, нысанды бұзу жөнінде шешім шығарып, күшіне енген құжатты мемлекеттік сот орындаушысының қолына ұстатқан. Жуырда аталған көлік жуу орталығының бұзылып жатқанына көз жеткізу мақсатында облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Қанат Айтқұловпен бірге сонда барып қайттық.
– Осы жылдың басында облыс әкімі Асқар Мырзахметов заңсыз салынған кәсіпкерлік нысандарын анықтап, тиісті шараларды қолға алу туралы тапсырма берген болатын. Бұл мақсатта облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев жұмыс жоспарын бекітіп, құзырлы мекемелер әрекетін бастап кетті. Нәтижесінде, облыс орталығы бойынша қызыл сызықтан асып кеткен немесе құрылыс пен сәулетке қатысты мекемелердің рұқсаты мен келісімінсіз нысан соғып алған 19 кәсіпкер анықталып, қазір олардың заңсыздықтары бойынша жұмыстар жүруде. Ал, мына көлік жуу орталығы қаладағы бұзылып жатқан алғашқы нысан, – дейді басқарма басшысы.
Басқарма мамандарының айтуынша, бұл нысан жобалық-сметалық құжаттамасы жоқ әрі сараптамадан және авторлық-техникалық бақылаудан өтпеген. Құрылысын да арнайы лицензиясы бар компания жүргізу керек екен. Қысқасы, тұрғын үй салуға берілген жер учаскесін ешқандай нысаналы мақсатсыз кәсіп көзіне айналдырып жіберген. Осылайша, кәсіпкер тиісті заңнамаға пысқырып та қарамай, Тараз қаласының бас жоспарына нұқсан келтіріп отыр.
Дегенмен, кәсіпкерге жанашырлық тұрғысынан басқарма басшысына «Бұл нысанды бұзбай-ақ, қайта заңдастырып жіберуге болмас па еді?» деген сұрағымызды қойдық. Өйткені, бұл көлік жуу орталығы тиісті құжаттарсыз салынғанымен, бас жоспардың қызыл сызығынан асып тұрған жоқ.
– Егер заңмен олай жанашырлық танытатын болсақ, онда біреулер жолдың дәл ортасына бизнес нысанын соғып алар ма еді. Жайбарақат жіберіп қойып, артынан салдарымен күресіп, соттасып жүргеннен гөрі, алдын ала реттеген дұрыс. Мүмкін мына орталық көршілерге кедергісін келтіріп, жол қозғалысын қиындатып тұрған шығар. Сондықтан, кез келген құрылыс нысаны тұрғызыларда Қазақстан Республикасының заңнамалары шеңберінде құжаттары реттеліп, сараптамадан өтіп, келісілуі тиіс, – дейді Қ.Айтқұлов.
Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың тікелей үйлестіруімен белсенді жүргізіліп жатыр. Басқарма басшысы Қ.Айтқұлов заңсыз нысандар 19-бен ғана шектеліп қалмайтынын атап өтті. Өйткені, қаладағы кәсіпкерлік нысандарының барлығы әлі толық тексеріліп болған жоқ.

Comments (0)
Add Comment