Заңгерлік және құқықтық көмек көрсетілді

Жамбыл облысы заң консультанттары палатасының мүшесі Дмитрий Халидов Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 мекемеде жазасын өтеп жатқан азаматтармен кездесіп,  сотталғандарға заңгерлік, құқықтық көмек көрсетті.

Бұл бастаманың негізгі мақсаты сотталғандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау және жеке сұрақтарын шешуге мүмкіндік беру болды.

Кездесу барысында сотталғандар қылмыстық істері мен жаза мерзімін жеңілдету, құжат рәсімдеу, денсаулық сақтау, сондай-ақ атқару парақтарына қатысты және өзге де тақырыптардағы өздерін алаңдатып жүрген сұрақтарын қойды. Сала маманы оларға заң шеңберінде толыққанды түсініктемелер беріп, құқықтық әрі әлеуметтік кеңес ұсынды.

– Мен бүгін құжат рәсімдеуге байланысты сұрақпен келдім. Маман қажетті кеңестерін берді. Шын жүректен ризамын. Қажет болса, заңгерлерге немесе электронды терминал арқылы тағы да сұрақ қоюға мүмкіндігіміз бар екен, – дейді шарада өз мәселесіне жауап алған жазасын өтеушінің бірі.

Мұндай бастамалар сотталғандардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың өз мәселелерін заң аясында шешуіне жол ашады. Бұл – қоғамға қайта оралуға жасалған сенімді қадамдардың бірі.

Comments (0)
Add Comment