Заңғар тұлға есімі зәу биікте

12 қаңтар — қазақ халқының аяулы перзенті, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күні. Академик, техника ғылымдарының докторының дүниеге келгеніне тура 111 жыл. Қара орман халқы «Димаш аға» деп еркелеткен тау тұлғаның есімі жыл озған сайын ардақталып, Алатау сынды айбарлана бермек.
Осыған орай Шу ауданы Қонаев ауылындағы еңселі ескерткішке гүл қою рәсімі өтіп, оған Қонаевты құрметтейтін жандар жиналды. Алғашқы сөздің кезегі аудандық мәслихат хатшысы Жасұлан Әбеновке берілді.
«Бүгін аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, академик, үш мәрте Социалистік еңбек ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына тура 111 жыл толып отыр. Осыдан дәл 30 жыл бұрын өмірден озған халықтың сүйікті перзентінің жарқын бейнесі жыл сайын жұрт жадында жаңғыруда. Кеңестік кезеңдегі еліміздің көшін өрге сүйреген көреген жанды еске алу үшін, рухына құрмет көрсету үшін шулық ағайын еңселі ескерткіш алдында жиналып тұрмыз.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев есімі мен есіл еңбегі әрбір аға буынның есінде мәңгі сақталмақ. Ол ел тізгінің қолына алған уақыт ішінде ауқымды жұмыстар атқарылып, қалалар салынып, ірі құрылыстар қолға алынғанын жақсы білесіздер. Қанша биікке көтерілсе де қарапайым қалыбынан танбаған тұлғаның елжандылық қасиеті бүгінгі және болашақ ұрпаққа үлгі болуы тиіс.»- деді Жасұлан Әлкенұлы өзінің жүрекжарды лебізінде.
Бұдан соң қадірлі қария Жақыпбек Демеуов өз ойын өлең жолдары арқылы жеткізіп, шумақтары арқылы пайымды пікірлерін білдірді. Сонымен қатар ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Б.Қайранов пен зейнеткер Б.Тагиров сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.
Салиқалы сөздерден соң жиналғандар Дінмұхамед Ахметұлын бір минут үнсіздікпен еске алып, үйлеріне тарасты.
Былтыр ғана көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің 110 жылдығы кең көлемде атап өтіліп, аяулы есімі Алматы облысының орталығына берілген болатын. Сондай-ақ аудан көлемінде де бірқатар шаралар өтіп, атымен аталатын ауылдың мектебі де Д.Қонаев болып өзгертілген.
Қанша биікке көтерілсе де халықтың төмен екенін еш ұмытпаған Димаш атаның есімі қазақ халқымен бірге жасай беретіні ақиқат.
Байжан ЕМБЕРДІ
Comments (0)
Add Comment