VIII сайланған Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата жұмысын бастады

Палата спикері Ерлан Қошановтың қатысуымен Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның алғашқы отырысы өтті. Қатысушылар ұйымдастыру мәселелері мен жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасын талқылады.

Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата алғаш рет жұмысын 2022 жылдың желтоқсанында бастады. Жаңа шақырылымда Палата құрамы екі есе жаңарды. Оған партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, қоғам қайраткерлері, беделді сарапшылар кірді.

«Палатаның жаңа мүшелері белсенді азаматтық ұстанымымен танымал. Көпшілігіңіз Мәжілістің заң шығару жұмысында өздеріңізді көрсетіп үлгердіңіздер. Сондықтан біз сіздерді Палатаның жұмысына қатысуға шақырдық және бірге жұмыс істеуге келіскендеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы бүгінде Қазақстанда барлық мәселе бойынша пікірі бар ашық қоғам қалыптасқанын, кейде айтылған ұстанымдар қарама-қайшы болып жататынын атап өтті. Қоғамдық палата өркениетті, партияаралық және қоғамдық пікірталас алаңына айналады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында мұндай диалогқа жағдай жасау қажеттігін айтты.

Палата қоғамда көтеріліп жатқан ең өзекті мәселелерді қарастырып, заң шығару деңгейіне жеткізеді. Сондай-ақ Қоғамдық палата мүшелері резонанс тудырған заң жобаларын Мәжіліс қабылдағанға дейін талқылайды.

«Сындарлы ескертулеріңіз бен ұсыныстарыңыз жұмыс тобына жолданып, заң жобасының салыстырмалы кестесінде ескерілетін болады. Бұл Қоғамдық палатаның ережесінде бекітілген. Осылайша, сіздердің жұмыстарыңыз арқылы азаматтардың Мәжілістегі шешім қабылдау үдерісіне қатысуы кеңейеді», – деді Мәжіліс төрағасы.

Бүгін алғашқы отырыста сарапшылар Мәжілісте пысықталып жатқан жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасын талқылады.

Сондай-ақ ұйымдастыру мәселелері де шешілді. Бюро Қоғамдық палатаның 38 мүшесін бекітті. Төраға болып – Мәжіліс депутаты Айдос Сарым, оның орынбасарлары болып – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, қоғам қайраткері Ғалым Байтұқ пен Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы басқармасының төрағасы Светлана Романовская тағайындалды.  Мәжіліс Аппараты басшысының орынбасары Индира Мамашева Палатаның жауапты хатшысы болды.

Мәжіліс Төрағасы Қоғамдық палата мүшелеріне куәліктер тапсырып, қоғам игілігі жолындағы жауапты жұмысқа табыс тіледі.

https://turkystan.kz/article/222605-viii-saylangan-mezhilis-zhanyndagy-kogamdyk-palata-zhumysyn-bastady/

Comments (0)
Add Comment