ҰСТАЗ БЕН ШӘКІРТ

Шәкірт болып көрмеген, ұстаз болып жарытпас
ҰСТАЗ БЕН ШӘКІРТ
Бұл екеуі де адам баласының ара қатынастарының ең мағыналы да мәнді түрі. Екеуі де — халық арасында ежелден бері қадір-қасиетін жоғалтпай келе жатқан киелі ұғымдар. Ұлы ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтың «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген әдемі нақылы бар. Бұл еліңнің ертеңі болып табылатын қазіргі жас ұрпағыңа жақсы тәрбие бер деген мағынаны білдірсе керек. Бұл нақылда «бесікті түзететін» негізгі маман иелері ұстаздар қауымы болып табылады, дәл осы «түзетуші» міндеттің ең ауыр салмағы да ұстаздарға келіп түсетіні белгілі. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Ахмет Байтұрсынұлы: «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек»,- деп айтқан екен. Бұл жердегі «оқу ісін тузеу де» ұстаз қауымының еншісінде екені баршаға аян.
Ұстаз сөзінің мән-мағынасын, сірә сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес те шығар….бірақ оның ең негізгі мәні – жақсылыққа, адалдыққа таәрбиелеу деп түсінемін. Ал шәкірт ұғымы да осымен байланысты, «Ұстазы пейілді болса, шәкірті зейінді болады» дегендей бұл ұғым ұстазынан жақсылыққа, адалдыққа тәрбиелену деген мағынаны білдірсе керек. Түптеп келгенде, бұл екеуі де адам баласының ең асыл қасиеттерімен байланысты болып келеді.
Ұстаз сөзінің ауқымы кең. Кейде тіпті , өмірдің өзін Ұлы ұстазға теңеп жатады. Тар мағынасында, ұстаз сөзі – түрлі білім ошақтарында дәріс беретін маман иесі. Ал кең мағынасында ҰСТАЗ — білім мен тәрбиенің ұрығын шашушы киелі маман иесі.
Енді шәкірт пен ұстаздың арасындағы қарым-қатынас жайлы әңгіме қозғасақ….
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді дана халқымыз. Ұстаз тек өзінің білім-білігімен, парасат-пайымымен ғана шәкірт алдында беделді бола алмайды. Сонымен қатар, сөйлеген сөзі, киім киісі, жүріс тұрысы, мінез-қылығы арқылы да шәкірітіне үлгі бола алады. Иә, дұрыс. Шәкіртке білім беру қажет. Десек те, біліммен қатар «тәрбие» деген асыл дүниені де ұмытпағанымыз абзал. Фарабтан шыққан ұлы кемеңгер данамыз- әл-Фараби айтқандай тәрбиесіз берілген білім адамға таяқ болып тиеді. Шынтуайтқа келгенде, ізгілік, әдептілік ғылымын меңгермеген адамға кез-келген ғылым пайдасынан гөрі зардабын көп тигізеді. Шәкірт алдында беделі бар ұстазға онымен қашан да жұмыс жасау оңайға тиеді. Өйткені, шәкірт өзінің ерекше сыйлап, мақтан тұтатын ұстазының айтқанын екі етпей орындап, қайтсе де көңілінен шығуға барын салып тырысады. Егер ұстаз шәкіртінің бойынан дәл осындай ынта-жігерді оята аламаса, онда берген білімі мен ілімінің құр бос жел болып ұшып кеткені. Бағзы заманда бір уәзірдің ақымақ баласы болыпты. Ол әлгі баласын тәрбиелеп берсін деп ғалымға жіберіп, мүмкін ақыл-есі кірер деп ойлапты. Ғалым оны көп оқытса да, түк шықпапты. Сонда ол баланың әкесіне: «Сенің балаңның ақылы кірмеді, бірақ менің өзімді ақымақ қылды.»,- депті.
Кейбір ұстаздар өзіме тиесілі пәнді ғана оқытсам болды деген оймен шектеледі, ал шәкірттері болса осы сабақты оқысақ болғаны деген сынды «тоқтамдарға» келеді. Бірақ бұл шектеулердің дұрысынан бұрысы көп. Өйткені, әр ұстаз тек өз пәніне тән жаттығу-ережелерді жаттатпай, сонымен қатар ұстаз бен шәкірттің қарым-қатынасына тән инабаттылық үлгілерді байқату керек. Әсіресе, ұстаздар қауымына көргенділік, сабырлылық, әділдік, инабаттылық т.б. сынды асыл қасиеттері керек болса, шәкірттеріне кішіпейілділік, имандылық, қарапайымдылық т.б. секілді қасиеттерді дарытып, сіңірту керек.
Халқымыз «Шәкірт ұстаздан озса игі» деп бекер айтпаған.Тіпті, итальян суретшісі, ғалым Леонардо Да Винчи: «Өзінің ұстазынан асып түсуге талпынбаған шәкірт бейшара» деп қатты да айқын айтқан. Әл-Фараби бабамыз болса, ұстаздың шәкірт алдында өзін-өзі ұстауы хақында мына бір трактатында ашып айтып көрсеткен:«Ұстаз тумысынан өзіне айтылғанның бәрін жетік түсінген, көрген және аңғарған нәрселерінің бәрін жадында сақтайтын, олардың ешбірін ұмытпайтын….алғыр да зерек ақыл иесі және ар-намысын ардақтайтын, жақынына да , жатына да әділ, жұртқа жақсылық жасап үлгі көрсететін, қорқу мен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.
Ұстаздың мінез-құлық сипаттары мынадай болуы тиіс: оның ділі тым қатты да болмауы, сондай-ақ ырыққа да тез жығыла бермеуі керек. Јйткені, тым қаттылық шәкіртті өз ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру ұстаздың қадірін кетіреді, оның берген сабағы мен біліміне шәкірттері салқын қарайтұғын болады. Ұстаз өз тарапынан қашанда барынша ынталылық пен табандылық көрсетуі керек. Өйткені, бұлар құдды жұрт айтатын, тамшысымен тас тесетін су сияқты».
Асылы, жақсы ұстаздан жақсы шәкірт шығады. Алдымен жақсы ұстаз, жақсы шәкірт атану үшін – білім мен тәрбие сынды асыл дүниелермен сусындап, жігерленуі керек. Ұлы Абай өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде осы мәселелерге кеңінен тоқталған. Ол ақыл, ой-сана ұғымын «Адам болам десеңіз..» атты өлеңінде «толық адам» деп астарлы сөзбен бейнелеп жеткізген.
Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек,-
дейді ұлы данамыз. Бірақ Абай осы үш түрлі сипаттағы үш түрлі қасиеттен бір-бірімен тоғысқанда ғана «толық», яғни, кемел адам болады деген тұжырымға келеді.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден ерек, — дейді.
Мұнда бабамыздың «елден ерек бол» дегені – ақылды бол дегенді білдіреді. Осы үш қасиеттің басын біріктіретін – ғылым дегенге әкеп тірейді.
«Шәкірттің» жақсы болмағы ұстазынан деп тегін айтпаған. Ұстаз ұғымы – мағынасы кең, мәні терең, тарихи ұғым. Әлемдік ой алыптары, кейбір ғұламалар ұстаз алдынан өткен, олар өздерінің ұстаздарына мәңгі борыштар екенін мойындап, болашақ ұрпаққа өсиет қалдырған. Ұстаз мәртебесінің қаншалықты биік әрі қасиетті екенін осыдан – ақ көруге болады.
Мұғалімнің алдындағы басты міндет – оқушыларды біліммен қаруландыра отырып, ойлауға, сөз шеберлігіне, еңбек ете білуге үйрету және тәрбиелеу.Ұстаз бүгінге емес, ертеңге, болашаққа қызмет істейді.
Автор:
Ә.ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Comments (0)
Add Comment