Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылдың 12 қазанында Үкімет «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын бекіту туралы қаулы қабылдады. Аталмыш жобаның басты мақсаты – тұрғын үй құрылысын дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында жағдайды жақсарту, оңтайлы көлік байланысын қамтамасыз ету, көліктік-транзиттік әлеуетті арттыру, сондай-ақ халықтың базалық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.
Жобаның әлеуметтік-экономикалық тиімділігі жоғары. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бұған дейін қабылданған «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту, «Өңірлерді дамыту» секілді мемлекеттік бағдарламалардың басын біріктіргенін айта кетуіміз керек. Аталмыш жоба еліміздің аймақтарында азаматтарды тұрғын үймен, жылу және ауыз сумен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді. Сондай-ақ көлік қатынастары жолға қойылып, шағын және орта бизнесті қолдау, азаматтарды жұмыспен қамту арқылы аймақ тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға жол ашып отыр.
Жоғарыда атп өткеніміздей, ұлттық жобаның басым бағыттарының бірі – көлік қатынасын оңтайландыру. Ал бұл бағыттағы жұмыстар кедергісіз жүзеге асуы үшін жолдың джайы бас бармақпен бағаларлықтай жақсы болуы қажет. Осыған орай, Әулиеата өңірінде биыл 278 жол жөндеу жобалары жүзеге асырылмақ. Оның 469,5 километріне құрылыс жүргізіліп, қайта жаңғырту, орта жөндеумен қамтылады.
Биыл жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге жалпы 19,8 миллиард теңге қарастырылыпты. Бөлінген қаражат есебінен 19,7 километр көше жолдарына құрылыс жүргізілмек. Ол «Бурыл А,Б,В», «Барысхан», «Радай» көпірінде іске асады. Ал 3 километр жол Тараз қаласындағы Шостакович, Саңырық батыр және Қаратау қаласындағы 3 көше қайта жаңғыртылады. Сондай-ақ 446,8 километр жолды орта жөндеумен қамту жоспарланған. Оның ішінде 90,7 километрі облыстық маңызы бар автожолдар болса, 64,6 километрі аудандық маңызы бар автожолдар. 314,2 километрі елді мекен көшелері.
Жоғарыда аталған 278 жол жөндеу жобасының 27-сі, яғни 155,3 километрі «ҚР көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында, 166 жобадағы 196,1 километрі «Ауыл – ел бесігі» жобасымен, 5 жобадағы 21,5 километрі «Өңірлерді, облыс орталықтарын дамыту» бағдарламасымен, 3 жобадағы 1,2 километрі «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасымен, 77 жобадағы 95,4 километрі жергілікті бюджеттер арқылы іске асырылғалы отыр. Жалпы, 2024 жылы «жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі» индикаторлық көрсеткішін 99 пайызға, елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 87 пайызға жеткізу көзделуде.
Жалпы, облысымыздың жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары 4 338 километр болса, елді мекен көшелерінің желісі 5 662 километр, барлығы 10 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 1198,5 километрі республикалық маңызы бар, 1756,2 километрі облыстық маңызы бар, 1383,3 километрі аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. Елді мекендер көшелерінің желісі – 5 662 километр. Өткен жылы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 24,9 миллиард теңге бөлінді. Аталған қаражат есебінен Тараз қаласындағы «Барысхан», «Бурыл» алқаптарының 7 километр жолына құрылыс салынып, Тараз қаласының Шостакович, Саңырық батыр, Қаратау қаласының Шахтерская, Б.Момышұлы көшелерін құрайтын 9,6 шақырым жол қайта жаңғыртылды және 786,4 километр жол орта жөндеуден өткізілді. Мұндағы 143 километрі облыстық, 88,3 километрі аудандық маңызы бар автожолдар болса, 571,7 километрі елді мекен көшелері. Барлығы 500 жол жөндеу жобалары іске асырылып, 803 шақырым жол құрылыс, қайта жаңғырту, орта жөндеумен қамтылды. Атап айтсақ, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасымен 33 жобада 231,3 километр, «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 234 жобада 272,1 километр, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен 5 жобада 12,3 километр, «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасымен 2 жобада 4,3 километр және жергілікті бюджеттерден 226 жобада 283 километр жолға тиісті жұмыстар істелген.
Осындай жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы облысымызда «жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі» индикаторлық көрсеткіші 98 пайызды, елді мекен көшелерінде 85 пайызды құраған.