Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілері одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Ахметжан Өзбеков, белгілі айтыскер ақын Айтмұхамбет Исақов және республикалық айтыстардың жүлдегері, ақын Алина Айдаралымен кездесті.
– Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан көне шаһар – Тараз бүгінде күннен-күнге көркейіп келеді. Қаланың мәдени дамуына да айрықша көңіл бөлініп, көптеген нысан бой көтеруде. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Тараз дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының қатарына қосылды. Бұл шаһарымыздың мәдениетін күллі әлемге паш еткені сөзсіз. Бұдан бөлек қалада ұлттық өнерімізді ұлықтауға бағытталған ілкімді істер қолға алынуда.
Қаланың үш жылдық даму жоспарында да бұл мәселе айқын көрініс тапқан. Сондықтан ұлттық өнерді қолдау әрқашан алдыңғы орында тұрады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жуырда республикалық «Алтын домбыра» ақындар айтысында аймақ намысын қорғайтын Алина Айдаралыға сәттілік тіледі.