Ұлттық банк теңге бағамының әлсіреуін түсіндірді

Қазақстанның Ұлттық банкі доллар бағамының қайта нығаюына қатысты пікір білдірді.

Соңғы аптада ұлттық валюта қайта әлсірей бастады. 17 маусым күні айырбастау пункттерінде америкалық доллар 337-338 теңгеге сатылуда. Бұл соңғы екі аймен: сәуір айының соңымен салыстырғанда — 10 теңгеге, мамыр айының соңына қарағанда 7-8 теңгеге қымбат.

Ұлттық банк мұны маусымдық фактор ретінде түсіндіруде және сезілерліктей тәуекелдердің жоқтығын қадап айтуда.

«Соңғы уақытта байқалып отырған теңгенің айырбас бағамының болмашы ғана құбылуы, ең алдымен, демалыстар маусымына байланысты шетелдік валютаға сұраныстың жоғарылауынан болып отыр. Тағы бір фактор — АҚШ Федералды резервті жүйесінің мөлшерлемені арттыруында болып отыр. Осының нәтижесінде әлемдік нарықта АҚШ долларының нығаюы және дамушы нарықтардан капиталдардың болмашы ғана жылыстауы байқалуда», — делінген ҰБ хабарламасында.

Жылдық инфляция мақсатты дәлізде төмендеуін жалғастыруда және мамыр айында 6,2% пайызды құрады. Жыл басынан бері қарқынның төмендеуі инфляцияның барлық құрамдауыштары бойынша тіркелуде — азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға, сондай-ақ халыққа көрсетілетін қызметтер бойынша.

«Елдегі инфляциялық процестерге ықпал ететін факторлар  — жағымды. Инфляциялық болжамдар сондай-ақ төмендей түсуде, мамыр айында аталмыш көрсеткіш 6,0% құрады. Теңгенің айырбас бағамына әлемдік мұнай нарығы тарапынан жағымды ықпал байқалуда. Мұнай бағасы орташа алғанда, баррелі үшін 70 АҚШ доллар айналасында қалыптасуда. Осыған орай елдің төлемдік балансы жақсара түсуде», — деп қосты Ұлттық банктен.

Қаржы нарығын реттеуші орган қазақстандықтарды теңге бағамына қатысты жоғары тәуекелдер мен инфляция деңгейінің өсіміне байланысты әртүрлі ақпараттарға сенбеуге шақырады.

inform.kz

Comments (0)
Add Comment