Түрмеге ағаш арасына тығылған телефондар кіргізбек болған

Таразда түзеу мекемесіне ірі көлемде тыйым салынған зат кіргізбек болғандардың әрекеті әшкере болды. Оқиға 10 қазан күні түскі 13:00-дің шамасында Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесіне бағынысты ерекше қауіпсіздіктегі №59 мекемесінде болған.

Белгілі болғандай, тыйым салынған заттарды №59 мекеме және 5513 әскери бөлімінің қызметкерлері мекемеге келген көлікті бақылау-өткізу пунктінде тексеру кезінде анықтаған. Осылайша мекеме аумағында қызмет ететін жеке кәсіпкердің ағаш өңдеу цехына алып келінген ағаш кесінділері мен фанерлер арасына асқан айлақорлықпен жасырылған ұялы байланыс құрылғылары табылған.

Тінту барысында заңбұзушылардың 26 дана сенсорлы смартфон, СИМ-карталар мен флеш карталар алып кірмек болғаны анықталды. Нәтижесінде Тараз қалалық полиция бөлімінің жедел тергеу тобы шақырылып, оқиға туралы ҚАЖД басшылығына, прокуратура мен ҰҚК департаментіне баяндалған. Қазіргі таңда сотқа материалдар дайындалуда. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлік өкілін қолданыстағы заңнамаларға сәйкес жауапқа тарту мәселесі қарастырылып жатыр.

Comments (0)
Add Comment