Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі: Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде жедел желі ашылды

Бұл туралы ҚР СІМ Ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлады.

«Қазір Түркиядағы дипломаттарымыз осы елдегі Қазақстан азаматтарымен байланыс орнату бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Студенттер арасында тиісті ақпараттық хабарлама таратылды.

Біздің азаматтарымызға көмектесу және үйлестіру үшін Мерсин және Конья провинцияларындағы Қазақстанның құрметті консулдары да жұмысқа қосылды. Мерсин қаласындағы Құрметті консул – Түркия азаматы Ахмет Будан қонақ үйде Қазақстанның 25 азаматын, оның ішінде 19 студентті панамен қамтамасыз етті. Бүгін осы 19 қазақстандық студент Құрметті консулдың ұйымдастыруымен Анкараға жеткізілді және олар бүгін кешке Анкара-Астана рейсімен Қазақстанға қайтады. Сондай-ақ, Конья қаласындағы Құрметті консул Мұстафа Кабакчы 12 қазақстандық студентке Аданадан Ыстанбұлға жетуге жәрдем көрсетті.

Айта кететін жайт, Түркиядағы дипломаттарымыз Түркияның Төтенше жағдайлар басқармасымен тұрақты байланыста. Осы уақытқа дейін зардап шеккен немесе қаза тапқандардың тізімінде ҚР азаматтары жоқ. Сонымен қатар, көптеген қираған ғимараттардың астынан зардап шеккендерді құтқару жұмыстары әлі жалғасуда.

Жалпы, бүгінде Түркияда консулдық есепте Қазақстанның 968 азаматы тұр (Анкара – 498, Ыстанбұл – 45, Анталия – 189). Оған қоса, соңғы мәлімет бойынша Түркияда 8 219 қазақстандық студент білім алуда. Жалпы, түрік тарапының мәліметінше, елде Қазақстанның 75 мыңға жуық азаматы болуы мүмкін.

Өздеріңіз білетіндей, кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның бауырлас халқына барынша көмек көрсетуді тапсырды. Бүгін таңертең сағат 10.00-де Алматы қаласынан Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы борты ұшып кетті. Ұшақ жақында Түркияның Газиантеп қаласына қонды. Онда біздің құтқарушыларымыз түрік әріптестерімен бірлесіп, жер сілкінісінің салдарын жоюға көмектесу үшін өз жұмысын бастайды. Отряд құрамына құтқарушылар, кинологиялық топтар және Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері кіреді. Топты Төтенше жағдайлар жөніндегі бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев басқарды.

Топ қажетті жабдықтармен де, құтқару жұмыстарын жүргізуде көп жылдық тәжірибесі бар құтқарушылармен де жабдықталған.

Осы бортпен елге қайтуға ниет білдірген кейбір азаматтарымызды Қазақстанға әкелу жоспарлануда (сағат 15:00-дегі жағдай бойынша – 18 адам, Қазақстанның 16 азаматы және Қырғызстанның 2 азаматы, борттың Астанаға келуі күтілуде, ұшу уақыты қосымша хабарланады).

Жоғарыда айтылғанға байланысты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде +7 (7172) 72-05-00 нөмірі бойынша жедел желі ашылғанын хабарлаймыз. Осы телефон арқылы азаматтарымыз бен олардың туыстары көмек сұрай алады. Бұдан басқа, жақын арада Түркиядағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің шұғыл байланыстары қосымша жарияланады.

Барлық келіп түскен ақпарат міндетті түрде қосымша тексеріледі. Жер сілкінісі аймақтарындағы гуманитарлық апатты ескере отырып, іздеу-құтқару жұмыстары біраз уақыт алады. Түркиядағы азаматтарымыз туралы қандай да бір ақпараты болса немесе туыстары байланысқа шықпаса, дереу Сыртқы істер министрлігіне жоғарыда көрсетілген нөмірге немесе Түркиядағы дипломаттарымызға хабарлауды сұраймыз», – деді А. Смадияров.

Comments (0)
Add Comment