ТҰРМЫСЫ ТӨМЕН ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Көптерек ауылдық округі, Кеңес елді мекенінде осымен үшінші жыл қатарынан тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыға тұрғын үй пайдалануға беріліп отыр. Ынтымақ пен бірлікті ту еткен көптеректік ағайын «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы көпке үлгі көрсетіп келеді.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесінде, аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, орынбасары Болат Сағынбеков, аппарат басшысы Еркін Заурбеков бір отбасын қуанышқа кенелткен сәтке куә болып, баспаналы болған тұрмысы төмен отбасыны құттықтады.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қолда барын бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі қамқор, тілеулес болған ұлттың ұлылығы да осында. Мұндағы мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көптің көмегімен асарлатып тұрғын үй салып беру. Бұл ретте бірінші кезекте кімдерге көмек көрсетілетінін жергілікті ақсақалдар алқасымен келісе отырып шешіледі. Негізінен мұнда баспанаға мұқтаж азаматтарға асарлатып үй салынады. Ауыл тұрғыны тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасы Рая Мәделиеваға 4 бөлмелі үйдің кілті табыс етілді.

Айтулы шарада аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, ауыл тұрғындары атынан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекжасар Ермаханбетов жүрекжарды лебіздерін арнаса, баспана иесі Рая Мәделиева аналық алғысын жеткізді. Аталмыш жаңа баспананың салынуына мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектердің үлестері зор. 1986 жылы туылған мектеп түлектері жыл сайын дәстүрге айналған «Асарлатып үй салу» жобасына белсене атсалысқанын атап өткен орынды. Жаңа баспананың лентасы салтанатты түрде қиылып, ақ жаулықты аналар шашу шашты.

Үстіміздегі жылы Байзақ ауданында «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша 15 үй салу жоспарланса, соның ішінде, алғашқылар қатарында Кеңес ауылында тұрғын үй пайдалануға беріліп отыр. Көптің көмегімен салынған 4 бөлмелі үй жылу жүйесімен, таза ауыз сумен, газбен қамтылған.

 

Байзақ ауданы
Comments (0)
Add Comment