Тұрғындардың талап-тілегі тыңдалды

Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Осыған орай Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов тұрғындармен кездесулері жалғасуда.

Бұл жолы аймақ басшысы Тараз қаласы №11 аумақтық округінің тұрғындарымен кездесті.

Облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысқан жиын барысында әуелі қала әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмайл баяндама жасап, округтегі атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды.

Оның айтуынша, 2023-2025 жылдарға арналған 3 жылдық даму жоспары аясында аталған округте электрмен және ауыз сумен қамтамасыз ету, абаттындыру мақсатында тиісті жұмыстар қолға алынуда. Бүгінде бұл мақсатта жергілікті бюджеттен қажетті қаражат қарастырылған.

Айта кетейік, №11 аумақтық округінде 7 тұрғын алқап, 55 көше бар. Мұндағы халық саны — 25322 адам.

— Қазіргі таңда Тараз қаласын жарықтандыру, абаттандыру, көшелерін жөндеу бойынша 2023-2025 жылдарға арналған 3 жылдық даму жоспары әзірленді. Жоспар аясында бірінші кезекте, мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары орналасқан және қоғамдық көліктер көп қатынайтын көшелер жөнделіп, жарықтандырылатын болады. Бұған дейін көне шаһардағы 1388 көшелер мен бұрылыстардың 378-і жарықтандырылды. Ал ағымдағы жылы жергілікті қала бюджеті есебінен 680 көшені жарықтандыруға 500,3 миллион теңге  жоспарланып отыр.

2021 жылы бұл округте жаңа электр жүйесі салынып, тұрғындар жаңа электр жүйесіне қосылуы тиіс еді. Алайда, жұмыстардың жүйелі жүргізілмеуіне байланысты халық мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алмай отыр.

Жаңа электр жүйесіне қосылатындығын және кооперативтерінің жабылатынын естіген кейбір саяжай иелері мен аумақ тұрғындары бұған дейін пайдаланған электр қуатының төлемдерін төлеуді тоқтатқан. Қазіргі таңда тұрғындардың қарызы 11,4 миллион теңгені құрап отыр. Бұл өз кезегінде жаңа желіге қосылуға кедергі келтіріп отыр, — деген  Қайрат Исмайл округке қажетті әлеуметтік нысандарды салуға тиісті қаражат қарастырылып отырғанын жеткізді.

Бұдан кейін, округ тұрғындары өз өтініш-тілектерін айтуға мүмкіндік алды. Мәселен, Шөлдала ауылының тұрғыны Динара Ғабитжанова  округте емхана болмағандықтан, жергілікті ел-жұрт облыс орталығындағы мөлтек аудандардың бірінде орналасқан денсаулық нысанына қатынауға мәжбүр болып отырғанын жеткізді. Сөзінше, бұл істе қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі де кесірін тигізіп отыр. Ал Шаңырақ алқабының тұрғыны Талғат Дүкенбайұлы халықты табиғи газбен толық қамтамасыз ету, ағын су және ауыз су мәселелерін тиімді шешілсе деген тілегін білдірді.

— Сіздер көтеріп отырған мәселелер өңіріміздің басқа аудандарына да қатысты. Атап айтқанда, ауыз су және ағын сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, жарықтандыру мен абаттандыру проблемалары күн тәртібінен түскен емес. Қазіргі таңда бұл мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Ашығын айту керек, кейбір түйткілдердің түйінін ертең-ақ тарқатуға болатын болса, өзгесіне уақыт қажет. Өйткені, тиісті жобалық-сметалық құжаттары әзірленуі тиіс.

Жақын болашақта Тараз қаласы екі ауданға бөлінеді. Оңтүстік және Солтүстік аумақтарына бөлінетін көне шаһарда әлеуметтік мәселелерді де шешу жеңілдей түседі. Қазірдің өзінде, қаладағы және қала аумағындағы елді мекендерде көшелерді жарықтандыру, тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстарына айрықша назар аударылуда. Ал бүгінгі таңда округ тұрғындарының 65 пайызы табиғи газдың игілігін көріп отыр. Бұл жұмыстар жалғаса береді. Ал абаттандыру мәселесіне әрбір тұрғын жауапты. Себебі, сіздер өз аулаларыңыз бен көше бойын таза ұстасаңыздар, мұндай мәселе туындамас еді. Біз әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған жұмыссыздықты азайтуға күш салуымыз керек. «Ауыл аманаты» жобасының негізінде Көлтоған, Құмшағал, Шөлдала, Шаңырақ, Жиделі, Қызылабад елді мекендері мен 28 саяжай тұрғындары 2,5 пайызбен несие алуы үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мұның бәрі ел еңсесін көтеру үшін қолға алынып отыр, — деді облыс әкімі.

Кездесу соңында тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдаған Нұржан Нұржігітов әрбір ұсыныс-тілектің ескерілетінін атап өтті.

Comments (0)
Add Comment