Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету партия назарында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамытудың Ұлттық жобасы аясында 5 жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы реттебүгінгі күні өңірдегі елді мекендерді тіршілік нәрімен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Дегенмен ол жұмыстардың сапасы қандай?!
Бұл сұрақтарға «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалыныңПартиялық бақылау комиссиясы кезекті отырысында жауап берілді. Ол бойынша облыс әкімдігінің Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасарының есебін тыңдалды.
Айта кетерлігі, өңірдегі елді мекендерді толық ауыз сумен қамтудың жол картасы әзірленіп, 2025 жылы ауыл және қала тұрғындарын 100% ауыз сумен қамту көзделіп отыр. Дегенмен облыс аумағында ауылдық елді мекендерде ауыз сумен қамтылмай отырған 76 ауылдық елді мекен бар болса, қазіргі таңда 25 елді мекенге тіршілік нәрі жүргізілу үстінде.

Ашығын айту керек, ауыз суды жүргізуді өз жауапкершіліктеріне алған мердігерлер тарапынан жауапсыздық танытып жатқан мәселелер де баршылық. Яғни, Байзақ ауданының Байзақ ауылына осыған дейін сүйіншілепауыз су берілгені хабарланған болатын. Тәулік өтпей тұрғындардың қуанышы су сепкендей басылып, берілген су қайта өшіп қалған. Жиында аудан басшылығы мұны мердігер компанияның жауапсыздығымен түсіндірді. Бұл жұмыс алдағы уақытта партия назарына алынып, ауыз су уақытында берілетін болады.

Сол секілді Жамбыл ауданының Бесағаш ауылына партияның араласуымен өткен жылдан бері сиыр құйымшақтанып келген мәселе шешімін тауып, ауыз су берілген болатын. Сондай-ақ, 20 маусымға дейін Түрксіб ауылына да су кіру керек еді. Бұл жұмыстар күні бүгінге дейін аяқталмауда. Мұның себебі, мердігер компанияның есеп-шотының бұғатталуымен байланысты болып отыр. Соған қарамастан аудан атқа мінерлері бұл мәселе тамыз айының аяғына дейін шешілетінін жеткізді.

Осыған ұқсас мәселе «МЕЛИОРАТОР» ЖШС-де бар. Серіктестік Қордай, Шу, Мойынқұм аудандары және Тараз қаласындағы 8 нысан құрылысына жауапты. Бірақ, есеп-шоты бұғатталған. Мұнан кейін құрылыстың сапасына кім жауап береді?!

Сондықтан мемлекеттік сатып алуда осындай олқылықтарға жол бермес үшін партия тарапынан тиіст органдарға ұсыныстар жолданды.

Жалпы, тұрғындарды тіршілік нәрімен қамтамасыз ету қашанда маңызды. Бұл бағытта «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасында 2025 жылға дейін 69 елдімекенді орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз етуге ықпал ету мәселесі айқын көрсетілген. Яғни, Мемлекет басшысының тапсырмасы партияның негізгі бағыттарының бірі.

Comments (0)
Add Comment