Бүгін «Tomiris» бағдарламасы аясында «Әйелдердің көшбасшылығы» тақырыбындағы тренинг-воркшоптың ашылу салтанаты өтті. «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы аталған жобаны ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиямен, Конрад Аденауэр қорымен біргеқолға алды.
ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының депутаты, іс-шара модераторыЖұлдыз Сүлейменованың айтуынша, биыл жобаға қатысуға 300-ден астам адам өтінім білдіріп, оның 75-і іріктеу кезеңіне жолдама алды. Нәтижесінде, 42 қатысушы іріктеуден іркілмей өтті. Айта кетейік, былтыр жобаға қатысқан 37 қыз-келіншектің 12-сі кейін облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаты болып сайланды.
«AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек «Tomiris» – әйел көшбасшылардың қоғамдық-саяси өмірдегі, экономикамыз бен өзге де салалардағы рөлін арттыруды көздейтін партиялық жоба екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңаша келбетінің бірі тең әрі әділетті қоғам құру екенін баса айтқаны белгілі. Оның алғы шарттары да жасалуда. Былтыр ел тарихындағы аса маңызды саяси оқиғалардың бірі Жалпыұлттық референдум өткізіліп, Ата Заңымызға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. 2020 жылдан бері жаңа сайланатын ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының 30 пайызын әйелдер мен жастар құрауы тиіс деген міндет қойылды. Биліктегі әйелдер үлесі артып, іскер әйелдерге мемлекеттік түрлі қолдау көрсетілуде. Мұның барлығы жоғарыда аталған көшбасшы әйелдердің қоғамдағы рөлін арттырудың алғышарты деп білемін», – деді партияның Атқарушы хатшысы.
Өз кезегінде, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен Орта Азия елдерімен салыстырғанда, Қазақстанда әйелдер көшбасшылығы айтарлықтай дамып келе жатқанын айтты.
«1991-2010 жылдар аралығында еліміздің оңтүстік өңіріндегі аудандық мәслихаттарда бірде-бір әйел депутат болған жоқ. Кейін, 2010-2022 жылдары ұлттық комиссия барлық деңгейдегі мәслихаттарда әйел депутаттардың болуын бақылауға алды. Мәселен, 2010 жылы мәслихаттардағы әйел депутаттардың үлесі небары 10%-ды құраса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 30%-ға жетті. БҰҰ-ның 2021-2022 жылдардағы дерегіне сәйкес, ерлер мен әйелдер арасындағы даму индексі бойынша ресурсы өте жоғары елдердің қатарында тұрмыз. Сондай-ақ, Қазақстан білім беру көрсеткіші бойынша ерлер мен әйелдер арасындағы теңдікті қалыптастыра білген санаулы мемлекеттердің бірі саналады. Бұл – саяси көшбасшылыққа қажет ең басты ресурс. Білімді, ақылды қыз-келіншектер – ел тірегі», – деді ол.
Осы орайда, Конституциялық Сот Төрағасы Эльвира Әзімова әйелдер көшбасшылығының маңызына тоқталып, оның ел дамуына, қоғамды ізгілендіруге және демократияны нығайтуға қосатын үлесі туралы айтты.
«Бүгін осында еліміздің іскер, белсенді әрі мықты әйелдері бас қосып отыр. Әрине, әр азаматқа жанашыр болып, қолұшын созу мүмкін емес. Алайда, сіздер көпшілік қол жеткізетін оң өзгерістер жасай аласыздар. Партия ел дамуына үлес қосатын көшбасшыларды тәрбиелеп, қолдау көрсетеді. Сондықтан, бұл жоба сіздерге байыпты бағыт-бағдар сілтеп, шеберліктеріңізді шыңдайды, жігерлеріңізді жаниды деген сенімдемін», – деді ол.
Бұл ретте, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният әйелдер қауымы еліміздің медицина саласын дамыту ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Әйелдер тек медицина мекемелерінің жұмысын ұйымдастырып, оны тиімді басқарумен шектеліп қалмай, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге және медицина ғылымын дамытудың стратегияларын әзірлеуге айрықша атсалысады. Жалпы, былтыр елімізде әйелдердің өмір сүру жасының орташа ұзақтығы 78-ге жетті. Бұған денсаулық сақтау саласындағы тың қадамдар мен әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақтылығы әсер етті деген ойдамын. Сондай-ақ, еліміздегі 78 мың дәрігер мен 180 мыңнан астам орта медицина персоналының қажырлы еңбегін де жоққа шығаруға болмайды. Олардың 80%-ға жуығы – әйелдер», – деді министр.
ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрайымы, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Айгүл Құспан тарихта есімі қалған, ел тыныштығы мен жер тұтастығын сақтауға өлшеусіз үлес қосқан қазақ қыз-келіншектерінің өнегелі өмірін тілге тиек етті.
«Бұл жобаның ежелде ел билеген Тұмар патшайымның атымен аталуында терең мағына бар. Оның ел еркіндігі жолындағы қастерлі ісін Кенесары ханның қарындасы Бопай ханым жалғастырып, жанын құрбандыққа шалды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында да қазақ қыздары алғы шептен табылып, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Хиуаз Доспанова сынды аяулы аруларымыз ерлікпен көзге түсті. Ел егемендігінің елең-алаңында қазақ әйелдері ерлермен қатар жұмыс істеп, отбасын асыруға атсалысты. Елдігіміз, дербестігіміз үшін ерен еңбек сіңірді. Бүгінде Әділетті Қазақстанды құру ісінде ауызбірлік, сабырлық, білімділік және еңбекқорлық сынды асыл қасиеттер ауадай қажет. Осы қасиеттерді халықтың бойына сіңіріп, қалыпқа айналдыруда еліміздегі әйелдер қауымы айрықша рөл атқаратыны анық. Себебі, әйел – отбасының, қоғамның жаны мен сәні, қаны мен ары», – деді халық қалаулысы.
Өз кезегінде, Жамбыл облысы Тараз қалалық мәслихатының депутаты – «Tomiris» жобасының былтырғы қатысушы Әйгерім Дәулетбаева партия бастамасы арқылы дағдысын дамытып, білімі мен құзыретін жетілдіргенін жеткізді.
«Бұл жобаның ауқымы – кең, болашағы – жарқын. Қатысушылар өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған саяси жобаларды әзірлеп, қолданысқа енгізе алады. Өзім VII және VIII шақырылымның депутаты әрі «Tomiris»-ті тәмамдаған шәкірт ретінде айтарым, жоба аясында жинаған тәжірибенің еңбек жолымда көпкөмегі тиді. Әлі де тиіп келеді. Осында оқыған кездерімді әрдайым жылылықпен еске аламын. Биылғы қатысушылар, сіздер де мамандардың ақыл-кеңесін барынша ынта қойып тыңдап, арман-мақсаттарыңызға жетесіздер деген ойдамын», – деді ол.
Сондай-ақ, жиынға «Tomiris» жобасының тағы бір жеңімпазы – Қостанай облысы Жетіқара аудандық мәслихатының депутаты Оксана Ержанова қатысты. Бүгінде ол тек халық қалаулысы ғана емес, сондай-ақ аудандық гендерлік қолдау орталығың жетекшісі, отбасында зорлық-зомбылық көрген құрбандарға арнайы кризистік орталық ашқан жанашыр жан саналады.
«Tomiris»-тің жаңа қатысушыларын көріп, қатты қуанып отырмын. Бұл қаншалықты маңызды әрі берері мол жоба екенін оқу барысында ұғынасыздар. Тәжірибе алмасып, ерекше күш-қуат жинайсыздар. Бұрыннан таныс дүниеге жаңа көзқарас қалыптасады. Былтыр әр қатысушының жетістігіне қуанып, қиындықтарды бірге еңсердік. Бір-бірімізге сенімді тірек болып, шалқар шабыт сыйладық. Сіздер де шыңдалып шығасыздар деген ойдамын. Бір биіктен бір биікті бағындыра беріңіздер», – деді ол.
Іс-шара барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отырған тренинг жұмысы елордада 21-25 тамыз аралығында өтеді. Оқыту жұмысы аяқталған соң, қатысушыларға тиісті сертификат табысталады.
https://turkystan.kz/article/231030-tomiris-zhobaga-katysuga-300-den-astam-adam-otinim-bildirdi/