ТӨМЕНГІ БАРСХАН ҚАЛАШЫҒЫ АҢЫЗЫ

Төменгі Барысхан қаласы Тараз қаласынан 1,5 шақырым жерде орналасқан. Ортағасырлық тарихшы Кудама Ибн Хордадбектің қолжазбасында: «Барысхан – Тараздан шығысқа қарай орналасқан, адамның даусы жетерлік жердегі қала» деп жазылған. Археолог ғалымдар бұл қалаға қазба жұмыстары жүргізіп, оның VI-XII ғасырлар аралығында өмір сүргендігін дәлелдеді.
Сақ дәуірінде Афрасиаб деген қаған болған. Оның патшалығы кезінде сақтар әлемді жаулап, Парсы мен Египетке дейін барған. Афрасиаб қағанның төрт баласы, бір қызы болыпты. Әлемді жаулап келген соң, Баласағұн қаласына келіп, өзінің жеңісін тойлайды.
Қалың жұртым, мені қолдаған елім менің! Біз әлемді жаулап, барлық елдерді тізе бүктіріп, бағындырдық. Енді осының құрметіне әрбір ұлымның өзіне тиесілі қалалар тұрғызғым келеді. Соны ұлдарым өздері таңдасын, — депті. Үлкен ұлы Жетісуды, қызы Сырдария жағасын, тағы бір ұлы Қашқарды таңдап, өзара бөліскен кезде, ең кенже ұлы Барысхан:
Хан ием, егер қаласаңыз, маған Ыстықкөл жағасын беріңіз. Мен сол жерде өз қаламды соғайын, — деп, қасиетті Тәңіртау тауының бөктерін сұрайды.
Қалағаның болсын, ұлым! Сол Тәңіртау өңірі сенің мәңгілік иелігіңде, — деп рұқсатын береді.
Барысхан Ыстықкөлге келіп, көлдің оңтүстік жағасында, Тәңіртауға жақын жерден қала тұрғызады. Оны өз атымен атайды. Арада бірнеше жыл өткенде сырттан жау шауып, Барысхан жауға аттанады. Шайқас Таразға жақын Талас жағасында болады. Осы соғыстан қатты жараланған Барысхан Талас жағасында емделеді. Оны Талас халқы зор құрметпен қарсы алып, барлық көмегін береді.
Оған риза болған Барысхан сол жерден қала тұрғызып, халықтың өздерін қорғауға арналған жеке қамалы болуын қалайды. Сөйтіп, ол қала Тараз қаласынан дауысы жетер жерде, Талас өзенінің жағасында тұрғызылады. Разы болған халық:
О, Барысхан хан! Сен жаралы болып жатсаң да, Тәңіртаудың етегінен келіп, бізге қала тұрғызып бердің. Бізді жаудан қорғадың. Сені бізге Тәңірдің өзі жіберді. Бұл қаланы біз сенің құрметіңе «Төменгі Барысхан» қаласы деп атаймыз, — деп айтады.Содан бері бұл қала ел арасында Төменгі Барысхан қаласы аталып кеткен. «Төменгі» деген сөз – Тәңіртаудан кіші деген елдің құрметі болса керек. Сонымен қатар, екінші бір нұсқада қала Тараз қаласынан төменде, Талас жағасында тұрғызылғандықтан «Төменгі Барысхан» деп аталған деген әңгімелер бар.
Comments (0)
Add Comment