Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Ермек Алдабергенұлы Сағымбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалсын», – делінген Жарлықта.
Ермек Сағымбаев – ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты.
Қазақ политехникалық институты (1989 ж.) мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (2007 ж.) бітірген.
ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, ведомстволық және мерейтойлық медальдармен наградталған. ҚР МҚК Құрметті қызметкері.
2020 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік күзет қызметінің генерал-майоры атағы берілді.
2022 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты атағы берілді.
1994-2006 жылдары – ұлттық қауіпсіздік органдарында офицерлік лауазымдағы қызметтерді атқарды;
2006-2019 жылдары – ҚР Президенті Күзет қызметінің офицерлік және басшылық лауазымдарында қызмет атқарды;
2019-2021 жылдары – Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – ҚР Президенті Күзет қызметінің бастығы;
2021-2022жж. – Мемлекеттік күзет қызметі бастығының міндетін атқарушы, бастығы;
2022 жылдың қаңтар айынан бастап ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметін атқарып келеді, бүгін қайта тағайындалды.
Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінде ауыс-түйіс болып, 12 басшы тағайындалғанын хабарлаған болатынбыз.