Тоқаев: Қазақ мемлекетінің басшысы ретінде мен үшін тәуелсіздік — бәрінен қымбат

Қазақстан баршаға түсінікті әділ саясат ұстанымын әрдайым сақтайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтты.

— Қазақстан — жауапкершілігі жоғары «орта держава» және жер көлемі бойынша ислам әлеміндегі аса ірі мемлекет. Біз баршаға түсінікті, яғни ақылға қонымды және әділ саясатты жақтаймыз, осы ұстанымды әрдайым сақтаймыз. Сыртқы саясаттағы іс-әрекетіміздің бәрі бір ғана мақсатты көздейді. Ең бастысы, Қазақстанның жерінің тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етуіміз керек. Қазақ мемлекетінің басшысы ретінде мен үшін тәуелсіздік — бәрінен қымбат! Бұл — мерейтой кезіндегі ұран емес, қазіргі дүрбелеңге толы заманда ұлттық стратегиямыздың негізгі қағидасы. Мен «Тәуелсіздік дегеніміз — ең алдымен, жалпыұлттық бірлік пен келісім» екенін үнемі айтып жүрмін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент Қазақстан халқы ел бірлігін сақтап, өсіп-өркендеген, абырой-беделі жоғары әрі қуатты мемлекет құруды басты міндет ретінде санауы қажет екенін айтты.

— Осы мақсатқа стратегиялық тұрғыдан қарап, парасатты, дана халық екенімізді көрсетуіміз керек, — деді Мемлекет басшысы.

inform.kz

Comments (0)
Add Comment