Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұровты қабылдады деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Президентке «Астана» халықаралық қаржы орталығының инновациялық қаржы өнімдері мен қызметтерді дамыту, еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру, сондай-ақ АХҚО-ның жаңарған даму стратегиясы аясында негізгі бизнес-серіктестермен өзара байланыс жұмыстары туралы мәлімет берілді.
Мемлекет басшысына орнықты қаржыландыру құралдарының аясын одан әрі кеңейту және еліміздің көмірсутегі бейтараптығына жету мақсатын қаржыландыруды жүзеге асырудағы Орталықтың рөлі жөнінде баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев шетелден инвестиция тарту үшін қажетті инфрақұрылым құрып, жағдай жасауда, сондай-ақ қор нарығы мен ел экономикасын дамытуда АХҚО-ның маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Кездесу соңында Президент Орталықтың бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттігіне, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәлізі секілді маңызды инфрақұрылым жобаларына ауқымды инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасау керек екеніне назар аударды.