«Тіл кестіру», «Нәзір»: Ұмыт болған қазақтың салт-дәстүрлері

istockphoto.com
https://turkystan.kz/article/258647-til-kestiru-nazir-umyt-bolgan-qazaqtyn-salt-dasturleri

Қазақта «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген мақал бар. Салт-дәстүрлер халықтың наным-сенiміне, өмiрге деген көзқарасына байланысты, ұрпақтан-ұрпаққа берiлгенде өзгеріп немесе мүлде ұмытылып қалуда. Қазiр заман ағымына сай кейбiреулерi түрленiп қана қоймай, жаңадан енiп те жатыр. Осы орайда біз ұмыт бола бастаған, қолданыстан шығып қалған дәстүрлердің кейбіреуін еске салуды жөн көрдік.

Артынан топырақ шашу

Артынан топырақ шашу /дәстүр/. Халықта ел қатты жек көрген қылмыскерлер мен опасыздарға, қарғыс алғандарға немесе өзі кінәлі бола тұра ел-жұрт кінәлап ат құйрығын кесіп кетіп бара жатқандарға әбден көңілі қалып, қаны қарайған кездерде көпшілік олардың артынан топырақ шашатын әдет бар. Бұл әрі жаза, әрі «қараң батсын» деген қарғыстың «енді көзге көрінбе» деген аса қатты айыптаудың ауыр сабағы. Мұндай адамдардың елі атын атамаған, есімін еске алмаған.

Нәзір

Нәзір /салт, ырым/. Күделі жұмыс бастағанда /мысалы егін салғанда, су келтіру үшін арық қазғанда, үй салғанда/ бұрын әр адам «тәңірім, ісімді ондай көр» деп «нәзір» жасаған. «Нәзір» дегеніміз ауылдас адамдарын шақырып, бір малын сойып өзінің бастағалы отырған ісінің мән-жайын айтып әруақтарға дұға оқытып көпшіліктен бата тілейді. «Көп тілегі – көл» дегендей жиналғандар оған «алла риза болсын», «тілегің қабыл болсын», «ісің оңға бассын» деген сияқты ізгі, баталы, аталы сөздерін айтып ризалық көңілдерін білдіреді. Өзінің әр ісіне ыждағатпен, сеніммен, шын берілгендікпен қарайтын халықтық осы ізгі жол ұлтымыздың жақсы дәстүрі мен әдеп-салтының қасиетін айқындай түсетін тағы бір елдік нұсқа.

Тіл кестіру

Тіл кестіру /дәстүр, ырым,/. «…сырқатқа бірде бірі сездірмеске тіл кестіргендей жақ ашпады» /Д. Әбілев/.

Халық ұғымы бойынша сұқтана қарағанда жақсы адамдарға, сәбиге, малға тіл немесе көз тиеді. Мұндайда «тілден сақта, тіфә-тіфә», «көзден сақта, сұқ-сұқ» деп жатады. Ал, ауырып қалған жағдайда «тіл кестіру» дәстүр-ырымын қолданады. Оның шарты мынадай: Ауырған адамды бірнеше күнге, кейде айлап оңаша үйге сақтап, оны балгерлер ұшықтау, дұғалау, қағу арқылы емдейді. Ауру адам сол уақыттарда ешкіммен сөйлеспейді, тіл қатыспайды. «Тіл кесті» деген сөз осыдан шыққан. Ауру адам бойын таза сақтап, тәңірден тілек тілейді, әруақтарға дұға оқиды. «Тіл кестіру» мерзімі біткеннен кейін, халыққа құдайы береді. Біраз уақытқа дейін көппен, араласпайды. Өнерпаз, әнші, ақын болса топ алдына шығармайды.

Деректер Сейіт Кенжеахметұлының «Жеті қазына» кітабынан алынды

Comments (0)
Add Comment