Теміртауда 2 жасар баланы айуандықпен өлтірген күдікті ұсталды. Қаскөй азаматық некедегі әйелінің ұлын 17 жерінен пышақтаған деп хабарлады turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
«Бала тыржалаңаш жатыр. Үстінде сау жері жоқ. Жағдайды көргендегі күйімді жеткізу мүмкін емес. Бірден полиция шақырдым. Баланың анасы тіпті есінен танып нашарлап кетті» – дейді көршісі Юрий Иванов.
Азаматтық некедегі жұп пәтерді соңғы екі айдан бері жалдап тұрған. Көршілері олардың ешқандай ерсі қылығын көрмедік дейді.
Аспаз болып жұмыс істейтін келіншек кезекшіліктен келіп, үйіне кіре алмаған. Жабық есікті ұрып, біраз күткен. Кейін пәтер қожайынынан кілтті алып, ішкі кіргенде талып қалған. Екі жастағы баласы бөлмедегі кереуеттің жанында қанға малынып жатқан. Ал оны өлтірді деген күдікті телфонын сөндіріп, бірден із суытқан.
Полиция оны қалада көшеден ұстады. Ішімдікке тойып алған ол бала жылай бергесін қолына пышақ алғанын айтқан. Қылмыстан соң бесінші қабаттан секіріп өлмек болыпты. Бірақ оған батылы жетпеген.
«24 наурыз күні жүргізілген кешенді жедел іздестіруде Теміртауда кішкентай баланы өлтірді деген күдікпен 24 жастағы күдікті ұсталды. Ол қылмысын мойындады. ҚР ҚК 99-бабы 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деді Теміртау қаласы ПБ бастығы Мақсат Әшімов.