Уақыт көші алға жылжып, орта мектепті бітірген тағы бір толқын үлкен өмір арнасына келіп қосылды. Әрине, әркім өз өмірінің сәулетшісі. Дейтұрғанмен, жас түлектердің таңдаған мамандығы төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында төрге шығуды көздеген еліміз үшін де маңызды. Осы орайда, биылғы талапкерлер қай салаға көбірек қызығушылық танытты? Ал, мемлекеттік грант негізінен қай мамандықтарға бөлінді? Жаңа оқу жылы жақындаған тұста біз осы сұрақтар төңірегінде сараптама жүргізіп көрген едік.
Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев дәстүрлі Жолдауында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын ұсынып, жастарға техникалық білім беруге баса назар аударғаны белгілі. Расында да, индустриалды-инновациялық дамуға бет бұрған бүгінгі кезеңде техникалық мамандықтардың тигізер септігі мол. Облыс әкімдігі білім басқармасының мәліметіне қарағанда, биыл колледждерге бөлінген мемлекеттік білім тапсырысы дәл осы бағыттағы мамандықтарға негізделіпті.
– Колледждерде білім беру тапсырысын орналастыруда бүгінгі еңбек нарығына қажеттілік ескерілді. Өткен жылмен салыстырғанда, мемлекеттік білім беру тапсырысы ветеринария мамандығына 52, токарлық іске 27, химиялық технология және өндіріске 52, ІТ саласына 42, теміржол саласына 36 пайызға артты. 2018-2019 оқу жылдарында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 5 024 орын мемлекеттік білім тапсырысы бөлінді. Яғни, өткен жылға қарағанда 31 орынға көбейіп отыр. Бұл орындардың 3 299-ы, яғни 65,6 пайызы жұмысшы, 1725-і, 34,3 пайызы орта буын мамандықтарына берілді.
Сонымен қатар, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 770 орын 9 колледжге 11 мамандық бойынша беріліп отыр, – дейді облыстық білім басқармасының бөлім меңгерушісі Алтынай Жайлышова.
Мәселен, Еркебұлан Шаңбайұлы Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру мамандығы бойынша білім алуға ниеттеніпті.
– Жуалы ауданындағы Көктөбе ауылының №30 орта мектебінен 11 жыл білім алып, компьютермен жұмыс істеуге деген қызығушылығыммен Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне құжаттар тапсырдым. Қазір емтиханға дайындалудамын. Бұйыртса, мемлекеттік гранттан үміттімін. Бұл мамандықты меңгерген адам бір ғана жұмысқа байланбай, бірнеше салада қызмет ете алады. Бәріміздің де түпкі мақсатымыз – өз елімізге қызмет етіп, халықтың алғысын алу. Менің таңдаған мамандығыммен барлық салада халыққа өз қызметімді ұсынуыма үлкен мүмкіндік туады. Қазіргі жаңашыл заманда барлық іс электронды форматқакөшіп жатқандықтан да компьютердің қыр-сырын меңгеру барлық адамға қажет деп ойлаймын, – дейді талапшыл Еркебұлан.
Енді жоғары оқу орындарына биыл құжат тапсырған жас талапкерлердің таңдауына тоқталсақ. Қазіргі таңда өңірімізде үш университет бар екендігі баршаға белгілі. Солардың ішінде ұстаздардың ұстаханасына айналған Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне мемлекеттік грантты тағайындау конкурсына 1 245 түлектен өтініш түсіпті. Оның 1 134-і қазақ тілінде болса, 111-і орыс тілінде екен.
– Университетімізге өтініш білдірген талапкерлердің 28-і «Алтын белгі» иегерлері, біреуі мүмкіндігі шектеулі азамат, 36-сы халықаралық, республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың, өнер байқаулары мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары, жетеуі ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеткіншектер. Конкурсқа өтініш беру нәтижесі бойынша «Дефектология», «Дене шынықтыру және спорт», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Шетел тілі: екі шетел тілі» және «Жалпы медицина» мамандықтарына деген қызығушылық басым, – дейді университеттің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Мұхамеджан Нұрпейісов.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті арқылы мемлекеттік грант конкурсына 2 008 талапкерден өтініш түсіпті.
– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуіндегі үшінші бастамада жоғары білім алудың қолжетімділігі айтылған еді. Осыған орай биыл елімізде 20 мың грант бөлінді. Оның 16 мыңы бакалавриатқа, 3 мыңы магистратураға және мың грант докторантураға. Сол бакалавриатқа бөлінген 16 мың гранттың 10 мыңы техникалық мамандықтарға берілді. Ал, қалғандары жаратылыстану, экономикалық-әлеуметтік салаларға қарастырылды. Биылғы талапкерлердің жоғары оқу орындарына құжат тапсыруларына қарағанда, бірінші медициналық, содан кейін техникалық, үшінші кезекте педагогикалық мамандықтарға таңдау басым түсті, – дейді ТарМУ қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары Әбілхан Садыбаев.
Ал, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетіне құжат тапсырған түлектердің дені шетел тілі, физика, биология мамандықтарын таңдаған көрінеді.
– Жалпы, білім алуға ниетті түлектер мемлекеттік грантқа қарамай, өз таңдауларымен шығармашылық бағытындағы және ветеринарлық санитария мамандықтарына көптеп тапсыруда. Бүгінде білім ордасында барлығы 28 мамандық бар. Ветеринарлық санитария мамандығы өткен жылы ғана ашылған болатын. Әйтсе де оған келушілер көп. Соған қарағанда біздің өңірге осы сала мамандарына қажеттілік туындаған сыңайлы, – дейді аталмыш оқу орны қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Мұхит Байкулов.
Биыл Тараз химия-технология колледжін бітірген Асылхан Қалманбаев білімін ары қарай жалғастыру үшін Тараз мемлекеттік университетіне түсуге бел буыпты.
– Бұған дейін адамның қол күшімен атқарылып келген барлық іс электронды түрде жүргізілетін болып, уақытты тиімді пайдалану көзделіп отыр. Осыған байланысты қазір ІТ мектептер де көптеп ашылуда. Сондықтан, мен де өз болашағымды осы мамандықпен байланыстырғанды жөн көрдім. Әрі анам Құралай Қуанышбекова информатика пәнінің мұғалімі. Үйде электронды жүйені бізге жиі айтып, үйрететін. Енді университетке ақпараттандыру технологиясы бойынша оқуға түсуге кешенді тест тапсырғалы жатырмын, – дейді Асылхан Еркінұлы.
Тек өз өңіріміздегі жоғары оқу орындарына құжат тапсырғандар ғана емес, кәсіби білім алуға талаптанған өзге жастардың да таңдауы техникалық мамандықтарға түсіпті. Мысалы, Т.Рысқұлов ауданы, Луговой ауылындағы №34 орта мектептің түлегі Айсәуле Уәли:
– Ұлттық бірыңғай тестілеуден 123 балл алып, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне құжат тапсырдым. Ағам Нұрлан Темірбеков автоаппараттарды басқару мамандығын меңгеріп, жемісті еңбек етуімен қазір Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде ректорлық қызмет етіп жүр. Осы ағамның еңбек жолын үлгі етіп, мен де аталмыш саланы таңдадым. Сондықтан, «Автоматизация және басқару мамандығы» бойынша білім алғалы отырмын. Мемлекеттік грант бұйырды, енді жақсы маман болып шығып, маған үміт артқан ата-анам мен ұстаздарымның сеніміне лайық қызмет етуді көздеймін, – дейді.
Міне, күні кеше бұқаралық ақпарат құралдарында еліміз бойынша мемлекеттік білім гранттарына ие болған өрелі өрендердің тізімі жарияланды. Айта кету керек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуі аясында биыл мемлекеттік тапсырыстың көлемі 20 мың грантқа арттырылды. Соның 11 мыңы техникалық бағыттарға, соның ішінде ақпараттық технологиялар, робот техникасы және нанотехнологиялар салаларына, 5 мыңы еңбек нарығында қажеттілік байқалып отырған басқа мамандықтарға, 3 мыңы магистрлерді даярлауға, 1 мыңы PhD докторларын даярлауға бағытталды. Сонымен, жоғары білім гранттарының саны 53 594-ке жетті. Соның 5 944-і күндізгі оқытудың 1-курсына, 2 650-і ЖОО-ның дайындық бөлімдеріне қабылдауға бөлінген.
Көрсетілген басымдықтарды ескере отырып, 24 737 грантты техникалық және технологиялық мамандықтарға, 9 499 грантты педагогикалық, 2 785 грантты ауыл шаруашылығы және ветеринария, 2 700 грантты медициналық, 1 450 грантты гуманитарлық, 100 грантты құқық, 300 грантты өнер, 1 780 грантты әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес, 3 246 грантты табиғи ғылымдар, 2 330 грантты қызмет көрсету, 500 грантты әскери іс және қауіпсіздік мамандықтарына бөлу қарастырылған.
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Бұл – жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз» деген болатын.Жаңа заманның талабына сай жастарға техникалық білім беру ел экономикасын арттырудың бір тетігі болса керек.
Сөз соңында болашаққа маңызды мақсатпен қадам басқан жастарға Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен білімің екі жақтап…» деген өсиетін айтқымыз келеді. Расында, кез келген сынақтардан сүріндірмей алып шығатын тек шынайы білім мен ақыл екені даусыз.