Тазалық табалдырықтан басталады. Кейбір тұрғындар үйінен, ауласынан шыққан қоқыстарды есігінің алдына шығарып, электр бағаналарының түбіне тастап кетуді әдетке айналдырған. Шаһарда түрлі түсіндірме жұмыстары жүргізілсе де, көшеге қоқыс тастаушылардың қатары азаймай отыр. Тіпті, учаскелік инспекторлармен бірлесіп түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, тәртіп бұзған тұрғындарға айыппұл да салынды. Дегенмен, қаладағы қоқыс қордаланған мәселеге айналып барады.
Бүгінде қалада тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған 328 алаңша бар. Олар 1 540 дана жәшікпен қамтылған. Ағымдағы жылы «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің мердігерлігімен 520 дана жәшік сатып алынып, шаһар аумағындағы ескі, тозығы жеткен қоқыс жәшіктерімен ауыстырылды.
Осы ретте қаланың санитарлық тазалығын сақтау мақсатындағы бұл жұмыстар жыл сайын өз жалғасын табатынын айта кеткен абзал.