Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында еріктілер мен экобелсенділермен бірге елордадағы Ботаникалық саябақта ағаш екті. Биыл жалпыұлттық акция кезінде еліміз бойынша шамамен 2,4 млн түп ағаш отырғызылды.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған сенбілікке Су ресурстары және ирригация министрлігінің орталық аппарат қызметкерлері де белсене қатысты. Тазалық жұмыстарына 200-ден астам адам шықты.
Өткен аптада министрлікке қарасты «Қазсушар» РМК, бассейн инспекциялары, гидрогеологиялық-мелиорациялық қызметтер мен Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының 4 мыңнан астам қызметкері республикалық «Мөлдір бұлақ» сенбілігі аясында су айдындарының жағалауын тазалау жұмыстарына қатысқан болатын. Нәтижесінде еліміз бойынша шамамен 300 тонна қоқыс жиналды.
Министрлік «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбіліктерді тұрақты түрде өткізуді жалғастырады. Су айдындарын ластанудан қорғаудың маңызын өз ісіміз арқылы көрсетіп, барша қазақстандықты осы бастамаға қосылуға шақырғымыз келеді.