Бүгін Байзақ ауданында “Таза Қазақстан” акциясы аясында, кең көлемді экологиялық іс-шара өтті. Аудан аумағында өткізілген республикалық тал егу акциясы қоршаған ортаны қорғау мен көгалдандыру жұмыстарына тың серпін берді. Жалпы аудан бойынша 800 түп қара ағаш отырғызылып, соның басым бөлігі Қостөбе ауылдық округінің аумағында егілді.
Акцияға аудан әкімі, сала орынбасары, “ЖАҢАРУ” РҚБ Жамбыл облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев, “AMANAT” партиясы аудандық филиалы, мәслихат депутаттары және ауыл тұрғындары белсене қатысты. Олар бірлесіп, ауыл маңын көгалдандыруға, табиғатты таза ұстауға өз үлестерін қосты.
Тал егу шарасы — экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, болашақ ұрпаққа жасыл желекке оранған туған жер қалдыруды мақсат етеді. Ауыл тұрғындары мен белсенді жастар бірігіп, «Сарыкемер-Тараз» бағытындағы автомобиль жолының бойына ағаш көшеттерін отырғызды.
Іс-шара барысында қатысушылар аумақты абаттандыру жұмыстарын да жүргізді. — Әрбір егілген тал – болашаққа жасалған инвестиция. Ауылымыздың көркеюі мен ауамыздың тазалығы осындай ортақ еңбектің арқасында жүзеге асады – дейді акцияға қатысушылар.
Тұрғындар еліміз аумағында кең көлемде жүргізіліп жатқан акцияны қолдап, мұндай экологиялық акциялардың тұрақты түрде өткізіліп тұруы қажет екенін айтты. “Бір тал кессең, он тал ек” деген халық даналығын ұстанған қостөбеліктер алдағы уақытта да ауылды көгалдандыру және тазалық сақтау жұмыстарына белсене қатыспақ. Осындай бастамалар арқылы Байзақ ауданы “Жасыл аймақ” жобасын жүзеге асырып, экологиялық мәдениетті нығайтуға нақты үлес қосып келеді. Табиғатты аялау – баршамыздың ортақ парызымыз екенін ұмытпайық.