Тарихи ескерткіштерді сақтау мәселелеріне қоғам назарын аудару және тарихымыз, мәдениетіміз және табиғатымызды қорғауға байланысты ортақ көзқарас қалыптастыру мақсатында «AMANAT» партиясының мүшелері мен «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері ұлттық мұра деп есептелетін нысандарды қоқыстан тазартуға кірісті.
Мәселен, Ақтөбе облысында партия мүшелері батыр Исатай Тайманұлының кесенесін тазалады.
Жамбыл облысында партия белсенділері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген бірегей ескерткіш – Ақыртас қалашығын ретке келтірді. Жамбыл аудандық филиалының төрағасы Талап Әбдібеков Ақыртас тек еліміздің ғана емес, шетелден келетін туристердің де зиярат ететін орны екенін айтты.
– Жұмысты бастамас бұрын біздің волонтерлер музей-қорық қызметкерлерінен қажетті нұсқаулықтан өтті. Біз аумақты жинап, археологиялық кешеннің қызметкерлеріне көмек көрсетеміз. Сонымен қатар бұл біздің жас белсенділеріміз үшін туған өлке тарихын оқулықтан оқып қана қоймай, сол жерде ежелгі рухты сезіну арқылы тереңірек білуге мүмкіндік. Мен бұл жағымды акцияның қазақстандықтарды ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіретініне сенімдімін, – деді ол.
Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында «AMANAT» партиясының мүшелері «Тақсай ханшайымы» кесенесінің аумағында тазалау жұмыстарын жүргізді. Бұл сармат дәуіріндегі ақсүйек әйелдің бейіті – «Алтын ханшайым». Белсенділер арам шөп жұлып, шамамен 2 тонна қоқыс жинады.
Қарағанды облысында партия мүшелері Шахтинск қаласының жанындағы Долинка кентінде орналасқан саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейіне барды. Партия мүшелері, «Жастар Рухы» белсенділері және жергілікті тұрғындар музей аумағындағы ескерткіштерді жуып, қоршауларды жөндеді.
Айта кету керек, «Таза бейсенбі» акциясына басқа аймақтар да қатысты. Атап айтқанда, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстары және Шымкент қаласының партия мүшелері Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштерді тазалауға атсалысты, Қызылорда облысы Байқоңыр қаласында белсенділер «Ғылым және ғарыш» монументі айналасын ретке келтірді, Алматы қаласында «Медеу» саябағында қоқыс жиналды. Сондай-ақ басқа да елді мекендерде осындай іс-шаралар өтті.
«Таза бейсенбі» акциясы басталғалы бері табиғатқа және экологияға бейжай қарамайтын 45 мыңға жуық партия мүшесі мен волонтер іс-шараға қатысып, ел бойынша шамамен 6 мың тонна қоқыс жиналды. «AMANAT» партиясының мүшелері еліміздің түпкір-түпкірінде мыңға жуық учаскені ретке келтірді. Сондай-ақ жүзден астам өзен-көл, су қоймасы мен су айдындарының арналары қоқыстан тазартылды.
https://turkystan.kz/article/247330-taza-beisenbige-katyskandar-tarikhi-eskertkishterdi-tazalady