Түркістан облысы Қазығұрт ауданы полиция бөлімінің басшысы жұмысына үй киімімен келіп, қол астындағыларға қоқан-лоқы көрсеткен деп хабарлады turkystan.kz aikyn.kz-ке сілтеме жасап.
Видеоны адвокат Айгүл Орынбек өзінің Facebook парақшасында жариялады.
Орынбектің айтуынша, жергілікті полиция бөлімінің басшысы қол астындағы қызметкерлеріне үнемі қоққан-лоқы көрсетіп, ақша жинататын көрінеді.
«Қазығұрт полициясындағы «Киллер» басшы! «Жұмыста үнемі шорти, майкімен жүреді» дейді қол астындағы әріптестері. «Ақша жинаудан, таяқ жеуден шаршадық» деп отыр формадағы жігіттер. Дұрыс, жігіттер, үндемей отырмаңдар, шығып айтыңдар! Білем жоғарыдағылардың құлақтары керең! Маған айтыңдар, «Әділетті Қазақстанды» бірге құрамыз!» – деп жазды Айгүл Орынбек.
Адвокаттың жүктеген видеосында полиция бөлімінің басшысы жұмысына үй киімімен келіп, жанынан өтіп бара жатқан қызметкерді қолымен күштеп итерген сәті бар.
Өз кезегінде Айгүл Орынбек шендінің бұл әрекетіне қатысты Бас прокурор Берік Асыловтан тексеріс жүргізуді сұрады.
Ал Түркістан облысы полиция департаменті аталған іске қатысты шұғыл түрде арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді.
«Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының тапсырмасымен шұғыл түрде арнайы комиссия құрылып, Қазығұрт АПБ-да тиісті тексеру жұмыстарын жүргізуде. Комиссия құрамында Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары, Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы және тағы да басқа тиісті мамандар бар. Тиянақты тексеру жұмыстары жүргізіліп, заңды шешім қабылданатын болады. Бұл жайт департамент бастығы М.Қабденовтің бақылауында», – делінген жазбаның астындағы пікірде.
Сонымен қатар облыстық полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов те мән-жай анықталып, заң аясында шешім қабылданатынын жазған.