ТАУ ҚОПАРЫП, КЕН ҚАЗҒАН…

2025 — ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫНЫҢ ЖЫЛЫ
Адам баласының арманы асқақ, ойы ұшқыр ғой. Мұқалмас жігер мен айқын мақсаттың арқасында талай биіктерді бағындыруға болады. Талабы таудай, ісіне мығым еңбек ардагерлерінің бірі — Абітаев Сапарбек Абітайұлы ауданымыздың қадірлі қариясы.
Тау қопарып, кен қазған еңбек ардагері 1949 жылы қазіргі Түркістан облысы, Телес ауданында дүние есігін ашқан. Мектепті бітірген соң, Остров Сахалинде 2 жыл Отан алдындағы борышын абыроймен өтеді.
1975 жылы кеншілер қаласына келіп, сырттай Қаратау институтын аяқтады.
1975-1980 жылдары «Қаратау Химстройда» экскаваторшы болып жұмысқа орналасқан жұмысшы механик, прораб, учаске бастығына дейін қызмет сатысынан өтті. Жұмыста жүріп, түрлі сынақтарды бастан кешірді. Асқан жауапкершілік пен темірдей төзімді арқалаған Сапарбек ағамыз денсаулығының сыр беруіне байланысты жұмыстан қол үзеді. Саладағы еңбегі еленіп, КСРО-ның Министрлігінен «Ментяжстрой» марапатын алған. Бұл Алғыс хат екінің бірі қол жете бермейтін үлкен марапатқа қол жеткізу еңбек ардагерін жігерлендірді.
Бүгінде құрметті зейнеткер атанып отырған Сапарбек қария жұбайы Кенжеғалиева Кларамен бақытты ғұмыр кешуде. Айтпақшы, Клара апамыз да өндіріс саласында ұзақ жылдар табанды еңбек етті. Сапарбек Абітайұлы зейнетке шыққан соң несібені адал кәсіптен тауып, сауда саттықпен айналысты. «Ата көрген оқ жонар» дегендей ұлы әке жолын жалғап, жеке кәсіппен айналысады. Үлкен қызы ғылым кандидаты болса, кіші қызы белді мекемеде экономист болып қызмет атқарады.
Comments (0)
Add Comment