Бүгін аудан орталығындағы Сарыкемер мектеп-гимназиясында аудан әкімі, құзырлы орган басшылары және білім беру, денсаулық сақтау саласының өкілдері ата-аналармен кездесу өткізді. Кездесудің басты мақсаты — жас ұрпақты тәрбиелеу мен ата-ананың, мектеп пен қоғамның өзара байланысын нығайту.
Басқосуда баланы қоғам өміріне бейімдеудегі ата-ананың рөлі, олардың міндеттері мен жауапкершілігі, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы тәрбиелік және әлеуметтік мәселелер кеңінен талқыланды.
Аудан әкімі өз сөзінде: «Бүгінгі таңда жас ұрпақтың тәрбиесі мен білімі — елдің ертеңгі тағдыры. Баланың тұлға болып қалыптасуында отбасы мен мектептің бірлескен еңбегі айрықша маңызды. Әрбір ата-ана баласының болашағына бей-жай қарамай, олардың дұрыс бағытта дамуына көңіл бөлуі тиіс», — деп атап өтті.
Сонымен қатар, ата-аналарды балалардың күнделікті оқу үлгеріміне, бос уақытын тиімді өткізуіне, ақпараттық қауіпсіздігіне және тәртіп мәдениетіне назар аударуға шақырды.
Аудан прокуроры Ақберген Мүлкеманов өз баяндамасында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, ата-аналардың заң алдындағы жауапкершілігі туралы айтты. «Баланың қауіпсіздігі — ең алдымен ата-ананың міндеті. Әрбір ата-ана баласының кіммен араласатынын, интернеттегі әрекетін, бос уақытын қадағалауға тиіс. Бұл — құқық бұзушылықтың алдын алудың ең тиімді жолы», — деді.
Ал, аудандық орталық ауруханасы Жастар денсаулығы орталығының меңгерушісі Жәудір Мырзаева жасөспірімдердің денсаулығын сақтау, салауатты өмір салтын ұстану мен психологиялық тұрақтылықтың маңыздылығына тоқталды.
Айта кетейік, аудан әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топ мүшелері бүгін Ю.Гагарин, Бурыл, А.Суханбаев, Ә.Жанқұлиев атындағы орта мектептерінде ата-аналармен кездесулер өткізді.
Байзақ аудандық ақпараттық медиа орталығы.