— Көрме ашудағы негізгі мақсат – партия құрылған 20 жылдан бергі мерзімде облыста атқарылған жұмыстарды жинақтап, партияның қоғамдағы орны мен ролін, қызметін насихаттап, кейінгі буынға өнеге қылу, — дейді партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев.
Сонымен қатар, көрмеде партия облыстық, Тараз қалалық және аудандық филиалдарында басшы қызмет атқарған тұлғалардың жеке құжаттарын экспонаттар ретінде қою арқылы партия филиалдарының тарихы ашып көрсетілген.
Қазіргі кезге дейін көрмеге 1000-нан аса естелік дүниелер экспонат ретінде қойылған. Олардың қатарында партия құрылған кездегі алғашқы съездегі құжаттардан бастап түрлі партия белгілері, куәліктер, жерлестерімізге естелік ретінде Елбасы тарту еткен қаламсаптар мен өзге де дүниелер қамтылған.
Көрмеде кең форматтағы «LED» экран орнатылып, партия өмірі жайлы дайындалған видеофильмдер мен сұхбаттар, түрлі сюжеттер арқылы партия филиалдары өткізген шараларды көрсетіп отыруды қамтамасыз ету жолдары ойластырылған.
Алдағы уақытта көрме залында салтанатты жағдайда партия билеттерін тапсыру мен партия ардагерлерінің жасотандықтармен кездесулері сияқты танымдық шаралар ұйымдастыру көзделген.
Көрме жыл сайын жаңа экспонаттармен толықтырылып тұрмақ. Экспонаттар санының артып келе жатқанына байланысты келешекте көрмені музейге айналдыру жоспарлануда.