Бүгін Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде болған салтанатты жиында «Nur Otan» партиясының Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев рәміздерді құрметтеу баршаға ортақ міндет екенін айтты.
Әрбір мемлекеттің ұлы құндылықтары бар. Мемлекеттік рәміздерді осы санатқа жатқызуға болады. Жуырда «Nur Otan» партиясының бастамасымен «Менің Туым, менің Отаным!» акциясы басталған болатын. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Алматыдағы «Медеу» спорт базасы аумағында алып туды орнату іс-шарасына қатысып, жұртшылықты рәміздерді құрметтеуге шақырды. Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде мемлекеттік туды насихаттау, дәріптеу акциясы жалғасып жатыр.
«Менің Туым, менің Отаным!» патриоттық акциясының негізгі идеясы Мемлекеттік Туды үнемі қоғамдық орындарда, туристік нысандарда, сауда және ойын-сауық орталықтарында, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында орналастыруға негізделген.
Шет елдерде ұлттық рәміздерге әр түрлі көзқарастар бар. Мысалы, АҚШ-та немесе Түркияда көшелері жалауларға толы: олар шамдар арасында безендірілген, жеке аулаларға, тұрғын үйлерге ілінген.
Ал, біздің азаматтарда мемлекеттік туды қолдануға және орналастыруға тыйым салу туралы түсінік қалыптасқан. Аталған акция сол стереотипті жоюға әсері болары сөзсіз.
Акция жыл соңына дейін ұйымдастырылып, қаладағы «Март», «Смол», «Давмир» және тағы басқа ірі сауда орталықтарында, т.б. орындарда ілінетін болады.