Таразда коворкинг орталығы ашылды

Кейінгі кездері жастардың кітап оқымайтыны жиі айтылып жүр. Осы мәселенің оң шешімін тауып, білімнің қазынасынан өспірім тұлғалардың құр қалмауын мақсат еткен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жастарды кітапханаға тарту үшін заманауи үлгіні қолдануды алға тартып отыр. Жаңа бастаманы қолға алған нұротандықтар өңірімізде алғаш рет Тараз қалалық Абай атындағы орталық кітапханадан коворкинг ашты. Сонымен қатар, осы кітапханадан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Ақпараттық білім беру орталығы» да өз жұмысын бастады.

Жаңа орталықтардың ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Шүкеев, Тараз қаласының әкімі Ғ.Әбдіраимов қатысып, тың іске тілектестіктерін білдірді. Келушілерді кітапхананың барлық тыныс-тіршілігімен Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі КММ директоры Роза Алибекова таныстырды.

Коворкинг деген сөз бірнеше тәуелсіз адамдардың бірлесіп, еркін жұмыс істеуін білдіреді. Яғни, енді бұл орталыққа білім іздеген дербес жастар жиналып, бір-бірімен білетіндерін бөлісіп, кітап оқып, шай үстінде әңгіме-дүкен құруларына болады. Мұндағы жиһаздар да осыған ыңғайластырылып жабдықталыпты.

Comments (0)
Add Comment