Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кәріз тазарту кешенінің құрылысы бойынша кеңес өтті.
Шаһардағы кәріз желілерінің жалпы ұзындығы 294 шақырым болса, олардың тозу деңгейі 43 пайызды құрап отыр.
Осыған байланысты «Жамбыл су» мекемесі Жамбыл облысы және Тараз қаласы әкімдіктерімен бірлесе отырып, кәріз тазарту құрылыстарын салу жобасын жүзеге асыруда.
Жиын барысында аталған жоба жетекшісі Мұрат Джакишев атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Жоба аясында заманауи тазарту технологияларын енгізу, ағын суларды толықтай тазарту және қоршаған ортаға келетін зиянды азайту көзделуде. Сонымен қатар, сүзгілеу алаңдарының жүктемесін төмендету үшін қосымша 12 карта салу жұмыстары жүргізілген.
Жоба бойынша 2023 жылдың тамыз-қараша айларында техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, 2024 жылы мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған. Кейін салалық, экономикалық және қаржылық сараптамалардан сәтті өтіп, ағымдағы жылы жобалауды қаржыландыру туралы шешім қабылданған. Бүгінде жобалау жұмыстары басталып, қажетті бастапқы деректер жиналып, далалық зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Жоба толық іске асқан жағдайда 2028-2040 жылдары 50 мыңнан 200 мыңға дейін жаңа абонентті қосу, тазартылмаған ағын сулардың төгілуін 100 пайызға қысқарту, тәулігіне 80-100 мың текше метрге дейін тазартылған суды техникалық мақсатта пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, өңделген тұнбаны көгалдандыру жұмыстарына пайдалану және тазартылған суды 1000-1500 гектар алқапты суаруға бағыттау көзделген. Сонымен қатар жобаны ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтап, келер жылы құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Кеңес соңында қала әкімі жауапты тұлғаларға жобаны сапалы әрі мерзімінде жүзеге асыруды, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.