Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен Тараз қаласында қазақ руханиятының көрнекті өкілі, «Қазақстанның Еңбек Ері», Қазақстанның және Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, композитор, жазушы, өнер зерттеушісі, суретші Илья Жақановтың 90 жылдығына арналған «Әнім саған, туған ел!» атты салтанатты кеш өтті.
Кештің басты мақсаты – Илья Жақановтың қазақ музыкасы мен әдебиетіне сіңірген өлшеусіз еңбегін ұлықтап, ұлттық өнерді насихаттау және кейінгі ұрпаққа рухани мұрасын дәріптеу болды.
Салтанатты кеш оркестр орындауындағы «Көңілашар» күйімен ашылып, LED экран арқылы мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы бейнематериал көпшілік назарына ұсынылды.
Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, мерейтой иесін құттықтап, иығына шапан жапты. Облыс әкімі Илья Жақановтың ұлттық өнер мен руханиятқа сіңірген ерен еңбегін ерекше атап өтіп, қазақ мәдениетін дамыту жолындағы шығармашылық мұрасы ұлт қазынасы екенін жеткізді. Сонымен қатар, Жамбыл жұртшылығының атынан Илья Жақанұлына Тараз қаласынан пәтер кілті табысталды.
Кешке Илья Жақановтың өмірлік серігі Тиышкүл Алтаева, қызы Ләйлә Ильяқызы және туған-туыстары, балалары мен немере-шөберелері арнайы қатысты.
Концерттік бағдарламада Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әртістерімен қатар Қырғыз Республикасы, Түркістан облысы және Шымкент қаласынан келген өнер шеберлері, «Сарысу» триосы Илья Жақановтың кеңінен танылған және жаңа шығармаларын орындады.
Кештің музыкалық сүйемелдеуін Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының қазақ халық аспаптар оркестрі қамтамасыз етті. Оркестрге Мәдениет саласының үздігі Дулат Байзілдаев пен «Құрмет» орденінің иегері, композитор Еркін Нұрымбетов дирижерлік етті.
Сонымен қатар, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының әртістері «Жайлаукөл кештері» әніне арнайы композиция ұсынды.
«Баласағұн» ОКЗ-ның фойесінде Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Илья Жақановтың шығармалары мен кітаптарынан арнайы көрме ұйымдастырды.
Ал, облыстық көркемсурет галереясының қызметкерлері архивтік фотосуреттерден көрме әзірлеп, көрермен назарына ұсынды.
Салтанатты кеш соңында Жамбыл облысы әкімінің «Ықылас гүлі» табысталып, көрерменге құрмет көрсетілді. Көрермен қауым мерейтой иесіне зор ықыласын білдіріп, рухани кештен ерекше әсер алды.