Бүгін Таразда автомобильдік газ толтыратын компрессорлық станция іске қосылды. Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, бұл нысанның қала экологиясы үшін маңызы зор екенін айрықша атап өтті.
Қазақстан Республикасының көлік секторын экологиялық тұрғыдан жақсарту, газмоторлық инфрақұрылымды дамытуды мақсат еткен инвестициялық жобаны «QazMetanPro» ЖШС жүзеге асырды.
Бұл станция тәулігіне 500 көлікті газбен қамтамасыз ете алады. Оған жүк, жолаушы және транзиттік көліктер, соның ішінде Қытай, Ресей, Өзбекстан бағытындағы маршруттар да кіреді. Сондай-ақ станция 50 жаңа жұмыс орнын ашуға және табиғи газды мотор отыны ретінде кеңінен пайдалануға, транзиттік жолдағы қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Келер жылы осы жобаның жалғасы ретінде 50 газмоторлық қоғамдық көлік сатып алу және жаңа автобустар паркін салу жоспарлануда.
Шаһар аумағында 2023-2024 жылдары жалпы құны 21,4 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба іске асырылып, онда 395 жаңа жұмыс орыны құрылды.
Ал, ағымдағы жылы логистика саласында «Югай Юг Такси» электрлі таксиін іске қосу және электр станциясын орнату жобасы жүзеге асырылды. Бұдан бөлек жыл соңына дейін 29,0 миллиард теңгеге тағы 9 жобаны іске асыру көзделуде.