Жиынға қатысқандар күні кеше өмірден өткен аты аңызға айналған «қара майор», ауған соғысының ардагері, отставкадағы полковник Борис Керімбаевты және ауған жерінде қаза болған жауынгерлердің құрметіне 1 минут үнсіздікпен еске алды. Тараз қалалық ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Дүкенбай Ермеков оқ пен оттың арасында арпалысқан азаматтардың ерліктерін айтып, ондай күннің оралмауын тіледі. Жастарды оқу, білімге құштар, саналы тәрбие алуға шақырды. Салтанатты шара барысында партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов ауған соғысы ардагерлерінің ерлігі ерен екенін айтып, сұрапыл соғыстың аяқталғанына 30 жыл толуымен құттықтады. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай арнайы шығарылған қол сағаттар сыйлады.