Сегізінші шақырылған Тараз қалалық мәслихатының кезектен тыс он сегізінші сессиясы өтті. Жиынның күн тәртібіне сәйкес, әуелі Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің іске асырылу барысы жөнінде баяндады.
– Ағымдағы жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша Тараз қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде өнеркәсіп саласынан басқа барлық саласында оң динамика қалыптасты. Айталық, негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 71,6 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 27,9 пайызға артса, құрылыс жұмыстарының көлемі 26,8 миллиард теңгеге жетіп, 100,7 пайызға орындалды. Өнеркәсіп те өрістеп келеді. Қазіргі таңда, «Тараз қант зауыты» мен «Тараз металлургиялық зауытының» электрод цехы қайта іске қосылып, тұрақты жұмыс істеуде. Облыс әкімдігімен жасалған келісімдерге сәйкес, жыл соңына дейін өнеркәсіп көлемін 105 пайызға, ауыл шаруашылығы саласында өсімді 110 пайызға, инвестиция көлемін 147 пайызға, құрылыс жұмыстарын 110 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемін 108 пайызға, бөлшек сауданы 102 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз, – деген шаһар басшысы өзге де салаларда атқарылған ілкімді істерді тілге тиек етті.
Тараздықтарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін тауып келеді. Бүгінде 22 мыңнан аса азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тіркелген. Соған орай 2023 жылы 3279 пәтерлі 62 үйдің құрылысы жүргізіліп, оның 12-сі пайдалануға берілді. Нәтижесінде 754 отбасы баспанамен қамтылды. Ал қазіргі таңда облыс орталығында 2 522 пәтерлі 50 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 50 үйдің құрылысын аяқтау көзделуде. Сонымен қатар, «Автобекет» маңындағы «Әулие-ата» ықшамауданында 22 тұрғын үйдің құрылысы басталды.
Сонымен қатар шаһардың орталық көшелеріндегі 24 көпқабатты тұрғын үйдің сәулеттік келбетін жаңарту жобасы қарастырылды. Оның ішінде, 11 үйдің сырт келбеті мен шатырын жөндеу жұмыстары бүгінгі күні қарқынды жүруде. Құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталады. Ал қалған 13 үй келер жылға өтпелі.
Көшелерді жарықтандыру да кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Осы мақсатта өткен жылы облыс орталығындағы 83 көше жарықтандырылса, биыл 76 көше самаладай жарқырамақ. Сонымен қатар, шаһардағы 10 ықшамауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары толығымен жарықтандырылды.