12 тамыз халықаралық жастар күніне орай, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында дарынды жастарды анықтау мен қолдау мақсатында жарыс өтті. Додада үміткерлер «Караоке батл», «Данс батл», «Асық ату», «Стрит воркаут» және «Боди-арт» кезеңдері бойынша бақ сынап, өзара мықтыны анықтады.
Байқау ережесі бойынша «Караоке батл» кезеңінде жастар бірінші айналымда өз таңдауы бойынша, екінші айналымда ұйымдастырушылар тарапынан ұсынылған конвертте жасырылған әндерді орындады. «Данс батл» айналымында қатысушылар заманауи фристайл, диско, хип-хоп, брейк-данс, поппинг билерін билеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. «Асық атуда» болса, қатысушылар алдымен шеңберді айнала 5 метр қашықтықтан 7 асықты дәлдеп атып сынға түссе, 2-кезеңде 1 асықты 7 метр қашықтықтан көздеп, өз мергендіктерін дәлелдеді. «Стрит воркаут» кезеңінде үміткерлер турникке тартылу, бөренеден көтерілу, күш фристайлы бойынша бақталасты. Ал, «Боди-арт» айналымында жастар түрлі бояулармен адам денесіне сурет салып, бейнелеу өнеріне деген ептіліктерін байқатты.
Жарыс қорытындысында асық атудан Жамбыл ауданынан келген Асылжан Ақылбек алдына жан салмаса, «Караоке батл» номинациясында шулық Әсел Құтпан жүзден жүйрік шықты. «Боди-артта» тағы бір шулық талант Лаура Досмайлова қарсыластарын қоғаша жапырса, «Данс батлда» тараздық Олег Василийдің айы оңынан туды. «Стрит воркаутта» Тараз қаласының намысын қорғаған Бақдәулет Садықов шын талантын танытса, турникке тартылуда тараздық Тимур Ағзымалиев бұл спорт түрінен теңдессіз екенін танытты.
Жарыс соңында барлық жеңімпаздар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.