Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті.

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті.
Әуелі қала әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Алтаев аумақтық округтерде коммуналдық және санитарлық тазалық мәселелері бойынша анықталған кемшіліктердің орындалуы туралы баяндады. Оның айтуынша, шаһардың 11 аумақтық округінен 21 мәселе ұсынылған. Атап айтсақ, жол жөндеу, көпір орнату бойынша 3, түнгі шамдар орнату бойынша 2, қоқыс, кесілген талдарды тазалау бойынша 7, балалар ойын алаңшасы бойынша 2, орындықтарды, сынған плита, тағы басқаларды ретке келтіру бойынша 3, құдық қақпағы бойынша 4 мәселе көтерілген. Қазір олардың 18-і өз шешімін тапса, 3-еуі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Бұл бойынша қала әкімі жауапты бөлім басшылары мен округ инспекторлары тарапынан қадағалаудың жоқтығын сынға алды.
– Қалада жаз бойы құрылыс жұмыстары қарқынды жүрді. Алайда, осы жұмыстар аяқталған соң мердігер компаниялар көп жағдайда құрылыс орындарын ретке келтірмейді. Ал мұның бәрі тұрғындардың жайлы тұрмысына қолайсыздық әкеліп, наразылығын туындатады. Бұған тек мердігерлер мекемелер ғана емес, сала басшылары мен округ инспекторлары да жауапты. Мен бұл туралы үнемі айтып келемін. Дегенмен, одан көңіл көншітерлік нәтиже болып тұрған жоқ. Сондықтан округ инспекторлары учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, қадағалауды күшейту керек. Өзінің тиісті міндетіне салғырт қараған мердігер компаниялардың басшыларына заң шеңберінде қатаң жаза қолданған жөн, – деген Бақытжан Әмірбекұлы құдық қақпақтарын қолды қылу бойынша да жұмыстарды жүйелеуді жүктеді.
Келесі кезекте кеңесте 2024 жылғы қаңтар-желтоқсан айларындағы Тараз қаласы бюджетінің болжамды орындалуы, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы және жыл қорытындысымен болжамды көрсеткіштері, Жаңа жыл мерекесіне дайындық барысы, 2025 жылы «Жұмысшы мамандықтар» жылын өткізу, өнеркәсіп, инвестициялық жобалар, сауда, көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту, ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштердің жүзеге асырылуы, кіші футбол алаңшаларының салынуы секілді маңызды мәселелер қаралды.
Күн тәртібіне шығарылған әрбір мәселе бойынша қала әкімі нақты тапсырмалар жүктеді.
Comments (0)
Add Comment